01
Сәуір

01.04.2026

Квазимемлекеттік компаниялардың мемлекеттік сатып алу жүйесінде «сары парақтар» қағидатының бұзылуы

ҚР Премьер-министрі

О.А. Бектеновке

 

Президент Тоқаев «Экономиканы ырықтандыру шаралары туралы» Жарлығымен «Реттеуші сары парақтар» (Regulatory Yellow Pages) қағидатын енгізу міндетін белгіледі.

Осы тәсілдерге сүйене отырып, «Ақ жол» демпартиясы «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңды қарау барысында жеке кәсіпкерлік субъектілерінен кемінде екі өтінім болған жағдайда, квазимемлекеттік компаниялардың мемлекеттік сатып алуға қатысуына жол берілмейді деген түзетуге бастамашы болды.

Бұл түзету Парламент тарапынан қолдау тауып, заңда бекітілді.

Алайда кейін ҚР Қаржы министрлігі өз бұйрығымен бұл норманы мақсатты түрде шектеп, «Самұрық-Қазына» қорының нарықтың елеулі үлесін иеленіп, сатып алуларға қатысу арқылы жеке бизнесті ығыстыруды жалғастырып жатқан көптеген еншілес және тәуелді құрылымдарын іс жүзінде осы талаптан шығарып тастады.

Осыған байланысты 2 қазанда «Ақ жол» демпартиясы аталған бұйрықтың заңсыздығы мәселесін көтерген депутаттық сауалын жолдады.

30 қазанда Үкімет сауалға жауап берді, алайда «Ақ жол» фракциясы бұл жауапты сенімсіз әрі Үкіметтің өз әрекеттеріне қайшы келеді деп санайды.

Атап айтқанда, Үкімет жауабында «қордың еншілес кәсіпорындарының сатып алуларға қатысуын шектеу мемлекеттік бюджетке түсетін дивидендтердің төмендеуіне әкелуі мүмкін» делінген.

Алайда 2026–2028 жылдарға арналған республикалық бюджетте «Самұрық-Қазына» АҚ-дан дивидендтер түсімі қарастырылмағанын еске саламыз, дәл осы мәселеге «Ақ жол» фракциясы қарсы шыққан.

Яғни, Үкіметтің жауабы оның өзі 2025 жылдың күзінде енгізген бюджет жобасымен де сәйкес келмейді.

Ең бастысы, биылғы жылдың 10 ақпанында өткен Үкімет отырысында Президент Тоқаев экономиканы ырықтандыру туралы Жарлықты іске асыру Үкімет тәсілдерін қайта қарауды талап ететінін атап өтіп, кәсіпкерлікке қолайлы орта қалыптастыру құралы ретінде «сары парақтар» қағидатын толық енгізуді тапсырды.

Осыған байланысты «Ақ жол» демпартиясы кезекті рет талап етеді:

1. Мемлекеттік сатып алу жүйесінде «сары парақтар» қағидатын квазимемлекеттік сектордың барлық субъектілеріне, соның ішінде «Самұрық-Қазына» АҚ тобына кіретін компанияларға толық және сөзсіз қолдануды қамтамасыз ету.

2. Қаржы министрінің 2024 жылдың 9 қазанындағы №687 бұйрығын Жарлыққа сәйкестендіріп, аталған қағидатты қолданудан жалтаруға мүмкіндік беретін нормаларды алып тастау.

 

Құрметпен,

«Ақ жол» фракциясының депутаттары

О. Нұралдинов,

А. Перуашев,

Д. Еспаева,

Е. Барлыбаев,

К. Иса,

С. Ерубаев