ҚР Премьер-Министрі
О. А. Бектеновке
«Ақ жол» фракциясына Атырау облысы Индер ауданының
тұрғындары мен қоғам белсенділерінен Индер тұзды көлінің құқықтық мәртебесіне
байланысты көптеген өтініштер түсуде.
Индер көлі – Атырау облысының ғана емес, еліміздің
бірегей табиғи нысандарының бірі. Сондықтан, оған қатысты кез келген шешім заң
талаптарына, экологиялық қауіпсіздік қағидаттарына және азаматтардың
конституциялық құқықтарына толық сәйкес қабылдануға тиіс.
Алайда, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024
жылғы 22 қарашадағы №997 қаулысымен, Индер көлінің республикалық маңызы бар
мемлекеттік табиғи-қорық қоры объектілерінің тізбесінен шығарылуы қоғамда
көптеген сұрақтар туындатып отыр.
Біріншіден, Индер көлін табиғи-қорық қоры
объектілерінің тізбесінен шығару кезінде қандай ғылыми қорытындылар,
экологиялық зерттеулер мен сараптамалық бағалаулар негізге алынғаны туралы
ақпараттан жергілікті тұрғындар мүлдем хабарсыз.
Екіншіден, Экология кодексінің 58 және 73-баптарына
сәйкес қоршаған ортаға әсер ететін шешімдер ашық және қоғамның қатысуымен
қабылдануы тиіс.
Алайда Индербор кенті әкімдігінің 2026 жылғы 27
наурыздағы ресми хатына сәйкес, Индер көлінің мәртебесін өзгерту мәселесі
бойынша жергілікті тұрғындардың қатысуымен қоғамдық тыңдаулар өткізілмеген.
Сонымен қатар, мемлекеттік органдардың
мәліметтерінде қайшылықтар байқалады, бірінде қоғамдық пікір телефон арқылы
сауалнама жүргізумен алынды десе, енді бірінде қоғамдық тыңдаулар мүлдем
өткізілмегені айтылады. Осыған байланысты аталған рәсімдердің нақты құқықтық
мәртебесін анықтау қажет.
Үшіншіден, 2021–2022 жылдары «АралТұз» және
«АралСода» компанияларына Индер көлі аумағында жер қойнауын пайдалану
мақсатында лицензия берілуі (1251-EL, №1332-EL, №1637-EL және
№1638-EL) белсенділер наразылығының тағы бір себебі.
Аталған лицензиялар Индер тұзды көлі республикалық
ерекше қорғалу мәртебесінде тұрған мезгілде берілгенің айта кету қажет.
Бұл ретте, «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар
туралы» Заңға сәйкес (23-бабы 3-тармағы), ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда
нысаналы мақсатқа сәйкес келмейтін қызметке жол берілмейді.
Тағы бір назар аударатын жәйт, 2021 жылы жергілікті
кәсіпкердің Индер көлі аумағында сауықтыру-туристік нысан салу жобасына ерекше
қорғалатын табиғи аумақ режимін негізге ала отырып жергілікті халық
сұранысындағы сауықтыру объектісінің салынуына рұқсат берілмеген.
Осылайша, бір жағдайда қызметке тыйым салынып,
екінші жағдайда пайдалы қазбаларды барлауға лицензиялардың берілуі заңнаманың
біркелкі қолданылуына қатысты орынды сұрақтар туғызады.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 31-бабында
мемлекет адамның өмірі мен денсаулығына қолайлы қоршаған ортаны қорғауды мақсат
етеді.
Осыған орай, «Ақ жол» фракциясы:
1. Индер көлін республикалық маңызы бар мемлекеттік
табиғи-қорық қоры объектілерінің тізбесінен шығару бөлігінде Үкіметтің 2024
жылғы 22 қарашадағы №997 қаулысының заңнама талаптарына сәйкестігі жөнінде
ресми түсініктеме беруді, оның ішінде шешім қабылдау кезінде пайдаланылған
ғылыми, экологиялық және құқықтық негіздемерді жәриялауды;
2. Индер көлінде жер қойнауын пайдалану
лицензиялары «АралТұз» АҚ мен «АралСода» ЖШС компанияларына қандай құқықтық
негізде рәсімделгенін түсіндіріп, олардың Заң талаптарына сәйкестігіне құқықтық
баға беруді;
3. Индер көлінің құқықтық мәртебесін өзгерту
кезінде азаматтардың экологиялық құқықтарының бұзылуы немесе өзге де заң
бұзушылықтар анықталған жағдайда тиісті шаралар қабылдауды;
4. Индер көлін республикалық маңызы бар мемлекеттік
табиғи-қорық қоры объектілерінің тізбесіне қайта енгізу мәселесін қарастыруды
сұраймыз.
Құрметпен,
«Ақ жол» ҚДП фракциясының депутаттары
С. Ерубаев
А. Перуашев
Д. Еспаева
Е. Барлыбаев
Қ. Иса
О. Нуралдинов