ҚР Премьер-Министрінің
бірінші орынбасары
Н. М. Налибаевқа
«Ақ жол» демпартиясы Қазақстан тек табиғи
ресурстарды өндіріп, бастапқы өңдеуден ғана емес, ең алдымен ел ішінде барынша
жоғары қосылған құн қалыптастыру арқылы табыс табуы тиіс деген мәселені ұдайы
көтеріп келеді.
Бүгінде еліміздің экспорттық құрылымы бұл
міндеттің әлі де толық шешілмегенін көрсетіп отыр.
Ұлттық статистика бюросының деректеріне
сәйкес, 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстан экспорты шамамен 51 млрд
долларды құрады.
Бұл ретте экспорттың негізгі бөлігін
бұрынғысынша шикізаттық тауарлар – мұнай мен мұнай өнімдері құрайды, олардың
үлесі 48 пайыздан асады. Бұдан бөлек, Қазақстан алюминий, темір, болат, мырыш,
қорғасын, хром және басқа да төменгі өңдеу деңгейіндегі металлургиялық
өнімдерді елеулі көлемде экспорттайды.
Осыған байланысты заңды сауал туындайды:
кен өндіріліп, бастапқы металл алынғаннан кейін ел ішінде оның қандай көлемдегі
қосылған құнын қалыптастырамыз?
Бұған мыс өндірісі мысал бола алады.
Экспорттық түсімнің елеулі бөлігі кабель, электротехникалық өнімдер, бөлшектер
және одан арғы өңдеу сатыларындағы басқа да өнімдер өндірісін дамытуға емес,
шикізат пен төменгі өңдеу деңгейіндегі өнімдерді экспорттауға байланысты
қалыптасып отыр.
Алюминий саласында да осындай жағдай
қалыптасқан: тек 2025 жылдың өзінде 765 млн долларды құраған экспорттық
түсімнің 70 пайыздан астамы бастапқы алюминийдің үлесіне тиесілі.
Яғни, шикізат пен металл елімізде
өндірілгенмен, кейінгі қосылған құнның, технологиялар мен жұмыс орындарының
едәуір бөлігі елімізден тыс жерде қалыптасып отыр.
Бұл мәселені Мемлекет басшысының өзі де
тікелей атап өтті.
2026 жылдың 10 ақпанындағы Үкіметтің
кеңейтілген отырысында Президент Қ. Тоқаев: «Металлургия экспортының жартысынан
астамы төмен өңделген өнімдерге тиесілі. Нәтижесінде біз бастапқы өңдеу
өнімдерін экспорттап, жоғары өңдеу тауарларын импорттауды жалғастырып келеміз.
Парадокс. Бұл тәжірибеге нүкте қойылуы керек», – деп атап өтті.
Президент сондай-ақ: «Жоғары өңделген
өнімді өндіріп, оны экспорттау шикізатты жай ғана сыртқа сатудан коммерциялық
тұрғыдан әлдеқайда тиімдірек болуы тиіс», – деп атап көрсетті.
Бұл ретте, мәселе жаңа міндет қою туралы
болып отырған жоқ. Мемлекет басшысы өнеркәсіптік саясаттың нақты бағытын
айқындап берді. Ендігі жерде осы жұмыстың нақты мазмұнын – жобаларды,
тетіктерді, көрсеткіштер мен мерзімдерді қамтамасыз ету маңызды.
Осыған байланысты «Ақ жол» демпартиясы
Үкіметтен келесіні сұрайды:
Біріншіден, металлургиялық өнімдердің
негізгі түрлерінің экспортын шикізат, төмен, орта және жоғары өңдеу өнімдері
деп жіктей отырып, жан-жақты талдау жүргізуді;
Екіншіден, мыс, алюминий және басқа да
стратегиялық металдар бойынша Қазақстанда өндіруді жергіліктендіруге мүмкін әрі
экономикалық тұрғыдан тиімді болатын кейінгі өңдеу сатыларындағы өнімдердің
нақты тізбесін айқындауды;
Үшіншіден, мұндай өндірістерді дамытуға
кедергі келтіретін негізгі тосқауылдарды, оның ішінде электр энергиясы мен
инфрақұрылым құны, қаржыландыруға қолжетімділік, салықтық және кедендік реттеу,
сондай-ақ, отандық өнімнің мемлекеттік және квазимемлекеттік сатып алуларға
қолжетімділігі мәселелерін анықтауды;
Төртіншіден, экспорттағы орта және жоғары
өңдеу деңгейіндегі өнімдердің үлесін арттыру бойынша нақты көрсеткіштер мен
оларға қол жеткізу мерзімдерін белгілеуді;
Бесіншіден, жақында ұлттық инвесторлардың
бақылауына өткен мыс, алюминий және басқа да стратегиялық металдарды өндіретін
тау-кен металлургия компанияларына терең өңдеу өндірістерін құруға және
шикізатты сыртқа шығарудан жоғары қосылған құны бар дайын өнім өндіруге көшуге
жәрдемдесу мақсатында жан-жақты мемлекеттік қолдау көрсетуді.
Құрметпен,
«Ақ жол» ҚДП фракциясының депутаттары
О. Нұралдинов
Д. Еспаева
А. Қожахметов
М. Шынасилова
Е. Юсупов
Д. Ахметжаев
Ю. Ли
Б. Бибаев