03
Маусым

03.06.2026

Тоқсаныншы жылдары бизнеспен айналысқан кәсіпкерлердің зейнетақысы дұрыс есептелуі керек - «Ақ жол»

Еңбек және халықты

әлеуметтік қорғау министрі

А.М. Ертаевқа

«Ақ жол» демпартиясы өңірлерде шағын және орта бизнес субъектілерімен өткізген кездесулер барысында: Уәкілетті мемлекеттік органдар назарға алатын бірқатар жүйелі мәселелерді анықтады.

Оның ішіндегі өзектілерінің бірі: 1998–2011 жылдарғы жеке кәсіпкерлердің еңбек өтілін есепке алу тәртібі. Бұл жылдар Қазақстанда жинақтаушы зейнетақы жүйесінің қалыптасу кезеңімен тұспа-тұс келеді.

Осы жылдары арнаулы салық режимін қолданған жеке кәсіпкерлер, қолданыстағы салық және зейнетақы заңнамасының талаптарына сай, міндетті зейнетақы жарналарын ай сайын емес әр тоқсан сайын төлеп отырды.

Ал, бүгінгі күні зейнетақы төлемдерін тағайындау кезінде еңбек өтілі ай сайынғы қағидат бойынша ғана есепке алынып, салдарынан, кезінде тоқсан сайын төленген жарналар ай сайынғы еңбек өтілі ретінде танылмай, азаматтардың зейнетақы құқықтары негізсіз шектеліп отыр.

Мәселен, кездесу барысында келтірілген нақты мысалдардың бірінде: Азамат 30 жыл еңбек етіп, заңнамада көзделген барлық міндетті төлемдерді уақытылы аударған. Алайда, бүгінгі есептеу тәртібі бойынша оның еңбек өтілінің тек 14 жылы ғана есепке алынып, зейнетақысының мөлшері едәуір төмендеген.

Қарастырылып отырған мәселе жекелеген азаматтарға ғана емес, жүйелі сипатқа ие және нарықтық экономикаға көшу кезеңінде елдің салық және зейнетақы жүйесін қалыптастырып, экономиканы нығайтуға айтарлықтай үлес қосқан мыңдаған жеке кәсіпкерлерді қамтиды.

Бүгінгі зейнетақы жинақтарының жеткіліктілік шегін арттыру мәселесі талқыланып жатқан жағдайда, еңбек өтілі мен зейнетақы жарналарын есепке алудағы мұндай олқылықтар мыңдаған кәсіпкердің болашақ зейнетақысының нақтылығына алаңдаушылығын күшейтіп отыр.

Мәселенің түп-төркіні азаматтардың заң талаптарын бұзуында емес, бұрынғы және қазіргі есепке алу тәсілдерінің айырмашылығында. Сондықтан мемлекет әкімшілендіру тәртібіндегі өзгерістердің теріс салдарын азаматтарға жүктемеуі тиіс деп есептейміз.

Осыған байланысты біздің ұстанымымыз мынадай:

– заң талаптарына сәйкес төленген зейнетақы жарналары: Азаматтардың зейнетақы құқықтарын қалыптастыру кезінде толық көлемде ескерілуі тиіс;

– аталған құқықтық және реттеушілік алшақтықтар азаматтардың пайдасына шешілуі қажет;

– адал орындалған міндеттемелердің салдары әділ бағалануға тиіс.

Осы орайда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан» қағидатын негізге ала отырып, мемлекет пен азамат арасындағы өзара сенім мен әділдікті қамтамасыз етудің маңызын бірнеше рет атап өткенін естен шығармаған жөн.


Айтылғандарды ескере отырып, Ақжол кіші және орта бизнестің мүдделерін қорғайтын партия ретінде келесіні ұсынады:

1. 1998–2011 жылдары міндетті зейнетақы жарналарын заңға сәйкес тоқсан сайын төлеген азаматтарымыздың нақты саның анықтауды;

2. Жеке кәсіпкерлердің еңбек өтілін есептеу кезінде тоқсан сайын төлеген міндетті зейнетақы жарналарын ай сайынғы есепке алу форматына баламалы түрде қайта есептеу мүмкіндігін қарауды;

3. Зейнетақы жүйесін әкімшілендірудегі құқықтық және әдіснамалық қайшылықтарды жоюға, сондай-ақ аталған санаттағы азаматтардың зейнетақы құқықтарын толық қалпына келтіруге бағытталған жүйелі шаралар әзірлеуді сұраймыз.

 

Құрметпен,

«Ақ жол» фракциясының депутаттары

С. Ерубаев

А. Перуашев

Д. Еспаева

Е. Барлыбаев

Қ. Иса

О. Нұралдинов