ҚР
Премьер-Министрінің орынбасары,
Ұлттық экономика
министрі
С.М. Жұманғаринге
Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы
өнімдерін қайта өңдеуді дамыту, жоғары қосылған құны бар өнімдер өндірісін ұлғайту
және экономиканың шикізатқа тәуелділігін азайту қажеттігін бірнеше рет атап
өткен болатын.
Осыған байланысты уәкілетті органдар
мемлекеттік қолдау шараларын алу кезінде бизнеске қарсы міндеттемелер жүктеу
талаптарын енгізді.
«Ақ жол» демпартиясы жалпы алғанда
кәсіпкерлердің қарсы міндеттемелерін қолдай отырып, ауыл шаруашылығы өнімдерін
қайта өңдеудегі экспорттаушы кәсіпорындард субсидиялаудың қолданыстағы
моделінде анықталған мәселелерге қатысты агроөнеркәсіптік кешен
кәсіпорындарының фракциямызға жолдаған өтініштеріне назар аударады.
Атап айтқанда, аталған салада валюталық
түсімді жыл сайын 10 пайызға арттыру талабы экономикалық тұрғыдан орындалмайтын
шарт болып табылады. Себебі бұл көрсеткіш тек қазақстандық өндірістің сапасы
мен өзіндік құнына ғана емес, шешуші дәрежеде сыртқы факторларға да тәуелді.
Олардың қатарында сыртқы нарықтағы баға конъюнктурасы, валюта бағамының
құбылуы, тасымалдау арналарының болуы мен өткізу қабілеті, тасымалдау тарифтері
және отандық кәсіпорындардың тиімділігіне байланысты емес өзге де факторлар
бар.
Мәселен, 2025 жылғы тамызда теңгенің
долларға шаққандағы бағамы 540 теңгеге дейін жетсе, биылғы сәуірде 460 теңгеге
дейін төмендеді. Бұл қазақстандық өнімнің сыртқы нарықтағы құнын күрт өсіріп,
экспортымыздың бәсекеге қабілеттілігі мен кәсіпорындардың табысын төмендетті.
Сол сияқты салықтық түсімдерді жыл сайын
ұлғайту талабы да қиындық туғызады. Себебі, салық қаржылық нәтижелерге тікелей
байланысты, ал жоғарыда айтылғандай, бұл нәтижелер кәсіпкерлердің өздеріне ғана
тәуелді емес. Бұдан бөлек, тәуекелді егіншілік аймақтарындағы ауа райы мен
климат жағдайларының өзгеруі, жанар-жағармай құнының өсуі, техника мен
жабдықтарды жаңартуға кететін шығындар, еңбекақыны көтеру талаптары және басқа
да факторлар өнімнің өзіндік құнына әсер етіп, соның ішінде сыртқы нарықтағы
бәсекеге қабілеттілігін төмендетеді.
Сондай-ақ шикізаттық өнім экспорт қарсы
міндеттемелерсіз едәуір үлкен көлемде субсидияланып отырғанымен, қайта өңделген
өнім шамамен 2 пайыз қолдауға ғана ие болып, субсидияларды қайтаруға қатысты
қатаң талаптарға тап болуда.
Мұндай жағдайда шектен тыс жоғары әрі объективті емес қарсы міндеттемелер бизнеске шамадан тыс қысым көрсетеді. Ал бұрын алынған субсидияларды қайтару жөніндегі күтілетін талаптар кәсіпорындар үшін төзгісіз ауыртпалыққа айналуы мүмкін.
Осыған байланысты, «Ақ жол» фракциясы
төмендегіні сұрайды:
1. Қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты бойынша қарсы міндеттемелердің параметрлерін қайта қарап, кәсіпорындардың өздеріне тікелей тәуелді көрсеткіштер мен индикаторларға сүйенуді;
2. Кәсіпкерлерге тәуелді емес мән-жайларға байланысты 2025–2026 жылдары қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімдері экспортының жыл сайынғы 10 пайыздық өсімі жөніндегі міндеттемелер орындалмаған жағдайда, бұрын берілген субсидияларды қайтару туралы талаптар қоймауды.
Құрметпен,
«Ақ жол» фракциясының депутаттары
Барлыбаев Е.Х.
Перуашев А.Т.
Еспаева Д.М.
Иса Қ.Ж.
Ерубаев С.С.
Нұралдинов О.Е.