10
Қыркүйек

10.09.2026

Елішілік құндылықты есептеу әдістемесін жетілдіру және өндірісті нақты жергіліктендіру туралы

ҚР Премьер-Министрінің

бірінші орынбасары

Н. М. Нәлібаевқа

Отандық өндірісті дамыту, импортқа тәуелділікті төмендету, сондай-ақ мемлекеттік және квазимемлекеттік сатып алулардың еліміздің өнеркәсібін өркендетуге қызмет ететіндей жағдай жасау – мемлекеттік саясаттың негізгі міндеттерінің бірі.

Көлемі триллиондаған теңгемен өлшенетін «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ тобының сатып алулары отандық өндірісті дамытуға сүбелі үлес қоса алады.

Қолда бар мәліметтерге сүйенсек, 2024 жылы қор компаниялары отандық өндірушілермен жалпы сомасы 1,1 трлн теңгеден асатын 11 мыңнан астам шарт бекіткен. 2025 жылы мұндай сатып алулардың көлемі екі есеге жуық артып, 2,17 трлн теңгеге жетті.

Дегенмен, «индустриялық сертификат» жойылған сәттен бастап 705-тен астам кәсіпорынның мәлімделген отандық өндіруші мәртебесіне сәйкес келмейтіні анықталды.

Осы орайда заңды сұрақ туындайды: бұл сатып алу сомалары тікелей Қазақстандағы шынайы өндіріс пен жасалған қосылған құнды қаншалықты деңгейде көрсетіп отыр?

Кәсіпорынның Қазақстанда тіркелуі немесе тиісті тізілімге енгізілу фактісінің өзі өндірістің терең жергіліктендірілгенін білдірмейді. Жеткізуші отандық өндіруші мәртебесіне ие бола тұра, шикізаттың, жинақтауыштардың, жабдықтардың немесе іс жүзінде дайын өнімнің басым бөлігін сырттан импорттай беруі мүмкін.

Мұндай жағдайда квазимемлекеттік сектордың сатып алулары арқылы бағытталатын қаражаттың едәуір бөлігі шетелдік өндірушілерге жұмыс істеуін жалғастырады, ал Қазақстан үшін экономикалық тиімділік қосылған құны төмен операциялармен ғана шектеледі.

Дәл сол себепті елішілік құндылық көрсеткіші ең алдымен Қазақстан аумағында жасалатын нақты құндылықты көрсетуі тиіс.

Басты мәселе – елішілік құндылықты (ЕҚ) айқындаудың қолданыстағы әдістемесі үстірт, біржақты, технологиялық процестердің ерекшеліктерін ескермейді және өндірісті жергіліктендірудің тереңдігін дұрыс бағалауға мүмкіндік бермейді. Осы әдістемеге сәйкес, қағаз жүзіндегі елішілік құндылықтың жоғары көрсеткіші нақты өндіріс көлеміне, жасалған қосылған құнға және Қазақстандағы өнімнің технологиялық мазмұнына сәйкес келмеуі мүмкін.

Басқаша айтқанда, құжаттағы жоғары ЕҚ көрсеткіші елде экономикалық қайтарымы бар нағыз өндіріс құрылғанын әрдайым білдіре бермейді.

Бұл ретте, отандық өндірушілерге қойылатын 26 талаптың бірі – импорттың жалпы кедендік құны бағаланатын кедендік декларацияларды ұсыну. Жергіліктендірудің нақты деңгейін анықтау үшін сол декларациялардың мазмұнына қарап, жартылай дайын өнімдердің немесе ірі тораптардың (крупные узлы) әкелінуін тексерсе жеткілікті.

Сондықтан елішілік құндылықты айқындау әдістемесіне импортталатын тауарлар мен дайын өнімді салыстырудың тиісті механизмін енгізуді ұсынамыз. Бұл есептеу барысында тек мәлімделген шығындарды ғана емес, шикізаттың Қазақстанда өңделуінің нақты деңгейін де ескеруге мүмкіндік береді.

Кері жағдайда парадоксалды көрініс қалыптасады: «отандық өндірушілерден» сатып алу көлемі өседі, бірақ импортқа тәуелділік тереңдеп, елдегі нағыз өндіріс тоқырайды. Яғни, өнеркәсіптік мазмұнсыз құр есеп-қисаптың формалды жергіліктендірілуі орын алады.

Басты міндет – нарықтың нақты қатысушыларын делдалдардан ажырату, сондай-ақ нағыз отандық өндірушілерді қолдау.

Осыған байланысты Үкіметтен мына сұрақтарға жауап беруді сұраймыз:

1. «Самұрық-Қазына» АҚ тобының отандық өндірушілерден сатып алатын тауарларының мәлімделген елішілік құндылығының рас-өтірігі қалай тексеріледі?

2. Жеңілдіктер (преференциялар) беру кезінде Қазақстандағы нақты қосылған құн, жергіліктендіру тереңдігі, өндіріс көлемі, жаңа жұмыс орындарын құру және технологияларды игеру ескерілетіндей етіп, елішілік құндылықты айқындау әдістемесін жетілдіру жоспарланып отыр ма?

3. Жеткізуші іс жүзінде импорттаушы бола тұра немесе импорттық өнімді ең төменгі деңгейде ғана құрастыра отырып, қазақстандық өндіруші ретінде преференциялар алу жағдайларын болдырмау үшін Үкімет қандай шаралар қабылдауда?


Құрметпен,

«Ақ жол» ҚДП фракциясының депутаттары

Б. Бибаев 

О. Нұралдинов

Д. Еспаева

А. Қожахметов

Ю. Ли 

Д. Ахметжаев

М. Шынасилова

Е. Юсупов