X. Партиядан кандидаттарды (кандидаттар тізімін) ұсыну, олардың сайланбалы органдар құрамындағы қызметі және оларды қайта шақырып алу немесе орындарына басқа адамдарды ұсыну тәртібі

44. Партиядан депутаттыққа, барлық деңгейдегі сайланатын әкімдікке және мемлекеттік билік органдары мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарындағы өзге де сайланбалы лауазымдарға кандидаттарды (кандидаттар тізімдерін) ұсыну, олардың қызметі мен сайланбалы органдар құрамындағы өзара іс-қимыл тәртібі, сондай-ақ оларды кері қайтарып алу немесе ротациялау негіздері Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес айқындалады.

44.1. Мәжіліс депутаты мандатының кері қайтарылуы келесі жағдайларда жүзеге асырыла алады:

1) депутаттың басқа өкілді органның лауазымына кірісуі;

2) оқытушылық, ғылыми немесе өзге де шығармашылық қызметтен басқа, депутаттық қызметпен байланыспаған ақы төленетін өзге де жұмысты атқаруы;

3) кәсіпкерлік қызметпен шұғылдануы;

4) коммерциялық ұйымның басшы органының немесе байқаушы кеңесінің құрамына кіруі;

5) соттың заңды күшіне енген шешімі бойынша депутат іс-әрекетке қабілетсіз деп танылуы;

6) оның Қазақстаннан тысқары жерге тұрақты тұруға кетуі;

7) оған қатысты соттың айыптау үкімі заңды күшіне енуі;

8) Қазақстан Республикасының азаматтығын жоғалтуы;

9) «Ақ жол» саяси партиясынан шығуы немесе шығарылуы;

10) «Ақ жол» саяси партиясының қызметінің тоқтатылуы;

11) Партияның Бағдарламалық құжаттары мен Жарғысының баптарын орындамауы немесе Партияның атына кір келтіру не оған нұқсан жасау әрекеттері;

12) «Ақ жол» партиясы және оның Фракциясының қызметі мен іс-шараларына жеке қатысудан жалтару;

13) басқа партиялардағы мүшелігін қоса атқаруы;

14) партиялық тәртіптілікті сақтамауы;

15) Партияның орталық органының шешімдерін орындамауы;

16) Партия мүдделеріне және беделіне нұқсан келтіретін әрекеттер жасауы;

17) өз еркімен отставкаға беруі;

18) хабарсыз кеткен деп танылған жағдайларда және Конституция мен осы «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заңда көзделген өзге де жағдайларда.

44.2. Жарғының 44.1-тармағымен қарастырылған фактілер анықталған жағдайларда, депутаттың мандатын кері қайтару мәселесі, түпкілікті шешім қабылдайтын Партияның Ұлттық кеңесінің қарауына шығарылады. Депутатты кері қайтару туралы шешім қабылданған жағдайда, ол Орталық сайлау комиссиясына жолданады.

44.3. Ұлттық кеңестің шешімінен басқа, депутаттың мандатын кері қайтару (өкілеттігін тоқтату) туралы шешімге Орталық сайлау комиссиясы қолданыстағы заңнамаға сәйкес бастамашы бола алады немесе оны қабылдай алады.

44.4. Мәслихат депутаты мандатының кері қайтарылуы келесі жағдайларда жүзеге асырыла алады:

1) оның заңға сәйкес депутаттық міндеттерді орындаумен сыйыспайтын лауазымға сайлануы немесе тағайындалуы;

2) соттың оны әрекетке қабілетсіз немесе әрекет ету қабілеті шектеулі деп тану туралы шешімі заңды күшіне енуі;

3) мәслихаттың өкілеттіктері тоқтатылуы;

4) ол қайтыс болған, соттың оны хабарсыз кетті деп тану не қайтыс болды деп жариялау туралы шешімі заңды күшіне енуі;

5) оның Қазақстан Республикасының азаматтығын тоқтатуы;

6) қылмыс не қасақана қылмыстық теріс қылық жасағаны үшін соттың оған қатысты айыптау үкімі заңды күшіне енуі;

7) оның тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктен тысқары жерге тұрақты тұруға кетуі;

8) оның отставка туралы жеке өтініш беруі;

9) депутаттың өз міндеттерін жүйелі түрде орындамаған, оның ішінде мәслихат сессиясының жалпы отырыстарында немесе құрамына өзі сайланған мәслихат органдарының отырыстарында дәлелсіз себептермен болмауы;

10) оның облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың тексеру комиссиясының төрағасы немесе тексеру комиссиясының мүшесі лауазымына тағайындалуы;

11) Партияның Бағдарламалық құжаттары мен Жарғысының баптарын орындамауы немесе Партияның атына кір келтіру не оған нұқсан жасау әрекеттері;

12) «Ақ жол» партиясы және оның Фракциясының қызметі мен іс-шараларына жеке қатысудан жалтару;

13) басқа партиялардағы мүшелігін қоса атқаруы;

14) партиялық тәртіптілікті сақтамауы;

15) Партияның орталық органының шешімдерін жүйелі түрде орындамауы;

16) Партия мүдделеріне және беделіне нұқсан келтіретін әрекеттер жасауы.

44.5. Жарғының 44.4-тармағымен қарастырылған фактілер анықталған жағдайларда, депутаттың мандатын кері қайтару мәселесі, шешім қабылдайтын филиал (өкілдік) Кеңесінің қарауына шығарылады. Бұндай шешім Партия Төрағасымен ресми келісуге жатады.

Қабылданған шешіммен келіспеген жағдайда, депутат оған Партиялық комиссияға шағымдануға құқылы.

44.6. Айрықша жағдайларда мәслихат депутатының мандатын кері қайтару Партияның Ұлттық кеңесінің Президиумының шешімімен жүзеге асырыла алады.

44.7. Депутатты кері қайтару туралы шешім қабылданған жағдайда, ол аумақтық сайлау комиссиясына жолданады.

44.8. Жарғының 44.4-тармағымен қарастырылған негіздерден басқа, өз қызметін мемлекеттік бюджет есебінен ақы төленетін тұрақты немесе басқа жұмыстан босатылған негізде жүзеге асыратын мәслихат депутаттарының мандаттары келесі жағдайларда кері қайтарыла алады:

1) кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруы;

2) шаруашылық субъекттісін басқаруға дербес қатысуы;

3) педагогтік, ғылыми және өзге де шығармашылық қызметті қоспағанда, ақы төленетін басқа қызметпен айналысуы.

44.9. Мәжіліс депутатының мандатын кері қайтарылуымен байланысты, Партияның Ұлттық кеңесі өзінің шешімімен туындаған бос лауазымға кандидатураны депутаттыққа кандидат тізімінде тұрған мүшелерінің ішінен бекітуге құқылы.

44.10. Мәслихат депутатының мандатын кері қайтарылуымен байланысты, филиалдың (өкілдіктің) Кеңесі өзінің шешімімен туындаған бос лауазымға кандидатураны депутаттыққа кандидат тізімінде тұрған мүшелерінің ішінен бекітуге құқылы. Бұндай шешім Партия Төрағасымен ресми келісуге жатады.