VІІ. Партияның ұйымдық құрылымы.

28. Партияның ұйымдық құрылымы аумақтық принциптер негізінде құрылады.

29. Партияның орталық басқарушы органдары болып Съезд, Партияның Ұлттық кеңесі және оның Президиумі, Партия Төрағасы және Бақылау-тексеру комиссиясы табылады.

Аймақтық және жергілікті деңгейде Партияның құрылымдық бөлімшелері - Партияның Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес филиалдары (өкілдіктері) болады.

30. Партия филиалдары (өкілдіктері) Партия съезінің шешімін қабылдау жолымен құрылады және Партия мемлекеттік тіркеуге алынғаннан кейін, заңнамаларда белгіленген тәртіп пен мерзімде есептік тіркеуден өтеді.

Партияның өкілдіктері аудандар мен облыстық бағыныстағы қалаларда тиісті облыстың Партия филиалының конференциясының оларды құру жөніндегі шешімінің негізінде құрылады.

31. Филиалдар (өкілдіктер) Партия берген құқықтармен және мүліктерді пайдалану құқығына ие бола алады. Олар дербес заңды тұлға болып табылмайды, Партияның орталық басшылығына бағынады және есеп береді, Партияның Ұлттық кеңесінің Президиумі бекіткен Ережелер негізінде әрекет етеді, және өз қызметінде Партияның Жарғысы мен Бағдарламасын және Партияның орталық органдарының шешімдерін басшылыққа алады.

32. Партия филиалдарының (өкілдіктерінің) басқару органдары Партияның жоғары басшы және басқарушы органдарының шешімдерін жүзеге асыру барысында Партияның стратегиялық бағытын ұстана отырып және Партияның ресми ұстанымына және құжаттарына қайшы келмей, алдарына қойылған міндеттерді орындауға қол жеткізу жолдарын дербес айқындай алады.

Партияның Орталық органдарымен кездесуі мүмкін келіспеушіліктерді Партия филиалдарының (өкілдіктерінің) басқарушы органдары Партияның беделі мен мүдделеріне нұқсан келтірмей тікелей ішкі партиялық пікірсайыстар жолымен шешуге міндетті.

Партия ішіндегі дауларды басқаша, Партия мүдделері мен беделіне нұқсан келтіретіндей шешу әдістеріне жол берілмейді, Партия Жарғысына сәйкес емес деп танылады және Партиядан шығаруға дейін әкеліп соғатын партиялық жауапкершілік шараларын қолдануға мәжбүрлейді.

33. Партия мүшелері ерікті түрде бастауыш партия ұйымдарына бірігуге құқылы, егер Қазақстан Республикасының заңнамаларында қарастырылған жағдайларға қайшы келмесе.

Бастауыш партия ұйымдары Партияның құрылымдық бөлімшелері болып саналмайды және заңды тұлға бола алмайды.