Бірінші Вице-Премьер
Н.Нәлібаевке
Қазақстан соңғы жылдары вагондар жасаудың
өз индустриясын қалыптастырды: бес зауыт, 300
миллиард теңгеден астам жеке және мемлекеттік инвестициялар, жалпы
өндірістік қуаттылығы жылына 12 мыңнан астам вагон. Қазақстан тарихта алғаш рет
өзінің жүк вагондарының барлық түрі бойынша өз теміржол паркін толық қамтамасыз
ету мүмкіндігіне ие болып отыр. Оның үстіне, мемлекеттің жылдық өндіріс көлемі
қажеттілігінен екі есе артық өнім шығаруға қауқарлы.
Сонымен қатар, бұл нарық күрделі кезеңді
бастан өткеруде. 1520 мм табанды теміржол желісінде артық вагон паркі
жинақталды: тек Ресейдің өзінде шамамен 400 мың вагон тасымал жасамай тұр – бұл
Қазақстандағы барлық парктен 2,5 есе көп. Жүктеме төмендеуде, ресейлік вагон
құрастырушылар өзіндік құн шегінде жұмыс істеп.
Осыған байланысты көрші елдер өз өндірушілерінің мүддесін қорғау үшін батыл
шаралар қабылдауда: Ресей темір жолдары (РЖД) 2025 жылдан бастап бос шетелдік
вагондарды қабылдауға тыйым енгізіп, ЕАЭО-ның бірыңғай көлік кеңістігі тетігі
арқылы артық вагон паркін басқа елдерге бағыттауға ықпал етіп келеді.
Нәтижесі айқын: ҚТЖ-ның 2025 жылғы деректеріне сәйкес, елімізде барлық жүк
тасымалдарындағы шетелдік вагондардың үлесі 20 пайыздан асып кеткен. Қазақстан
көмірін Ресей арқылы транзиттік тасымалдауда қазақстандық вагондардың үлесі
небәрі 22 пайызды ғана құрайды.
Газ цистерналары сегментінде де қазақстандық парктің 500 бірлігі (немесе 20%)
уақытша тоқтап тұр және шамалас көлемдегі шетелдік цистерналар Қазақстан
аумағында жұмыс істеп тұр, көбіне ішкі тасымалдарда.
Мұнай мен мұнай өнімдері тасымалының негізгі бөлігі де шетелдік вагондар
паркі арқылы жүзеге асады.
Сонымен қатар, елімізде қазіргі жағдайда мұнай экспортын қамтамасыз етуде
стратегиялық маңызға ие осы санаттағы вагондарды өндіру жолға қойылып, толық
сертификатталған. Жылына 1,5 мың цистерна шығаруға қауқарлы, локализация
деңгейі 92 пайызға дейінгі ірі сериялы өндіріс іске қосылған. Мысалы, ең жаңа
Атырау вагон жасау зауыты цистерна қазандарын өндіру үшін «Qarmet»
комбинатындағы болат прокатын жаңғырту мүмкіндіктеріне бағдарланып отыр.
Сонымен бірге, зауыттың өтініштеріне орай, сәйкестікті растау жөніндегі органдар мұнай құятын
цистерналарды «қазақстандық» өнім ретінде сертификаттау процесін бастады, мұнда
цистерна қазандығы басқа елден әкелініп, ал Қазақстанда тек оны рамасына орнату
және арбаларын бекіту ғана жүзеге асырылады.
Нәтижесінде, шетелден әкелінген цистерналар қазақстандық өнім ретінде
сертификатталып, толыққанды өндіріс құруға соған сай ауқымды инвестициялар
салуды қажет етпейтіндіктен негізсіз артықшылықтарға ие болып отыр.
Осылайша, вагон жасау саласы енді ғана қарқын алып, аяғына тұра бастаған
кезеңде мемлекеттік органдар Үкімет пен бизнестің бірлескен еңбегінің нәтижесін
құнсыздандыратын өнімдерді сертификаттауға жол беріп отыр.
Отандық вагон жасаушылар кез келген вагон түрін импорттаудың қажеті жоқ
екенін айтады, себебі жыл сайын орта есеппен 6 мың вагон есептен
шығарылғанымен, қазақстандық заводтардың (АВЖЗ, ҚВК, ЗИКСТО) расталған қуаты
жылына 12 мыңнан астам вагонды құрайды. Отандық өнеркәсіп сұранысты екі есе
артық көлемде қамтамасыз ете алады.
Вагон жасаушылар Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жоғары
технологиялық өнім номенклатурасын игеріп, кеңейтіп, барынша жоғары
локализацияны қамтамасыз етуде.
Алайда, қазақстандық өндіріс деген желеумен бөтен вагондар мен
цистерналарды тіркеу және сертификаттау саланың әрі қарайғы дамуына қауіп
төндіруде. Себебі, бүгіннің өзінде экономиканың олардың өніміне сұранысы жоғары
болғанымен отандық вагон жасау зауыттарының жүктемесі небәрі 15–20% құрайды.
2030–2032 жылдары вагондардың жаппай есептен шығуы күтілетіндіктен, ол
уақытқа дейін Қазақстанда жылжымалы құрамды уақытылы алмастыруға мүмкіндік
беретін толыққанды сериялық өндіріс жолға қойылуы тиіс. Әйтпесе, бұл бағыттағы
импортқа тәуелділік созылмалы әрі стратегиялық сипат алуы мүмкін, дегенмен бүгінгі таңда бұл салада толық дербестікті
қамтамасыз етуге қажетті барлық өндірістік қуаттар қалыптасқан.
Осыған байланысты, «Ақ жол» фракциясы келесіні ұсынады:
1. Шетелдік вагондарды тіркеу талаптарын күшейту, оның ішінде РТЖ сәтті тәжірибесіне
бойынша бос шетелдік вагондарды ішкі тасымалдарға кіргізуді шектеу;
2. Теміржол вагондары мен цистерналарын, сондай-ақ, олардың тораптары мен
бөлшектерін сертификаттау кезінде қазақстандық қамту үлесін (мемлекет ішілік
құндылық) кемінде 50%-ға не одан артық деңгейге дейін арттыру.
Құрметпен,
«Ақ жол» фракциясының депутаттары
А.Перуашев,
Д.Еспаева,
Е.Барлыбаев,
Қ.Иса,
С.Ерубаев,
О.Нуралдинов.