ҚР Премьер-Министрі
О.А. Бектеновке
2023 жылғы
1 қаңтарда «Агломерацияларды дамыту туралы» Қазақстан Республикасының Заңы
қабылданды. Аталған заң ірі қалалар мен оларға іргелес аумақтардың дамуы
арасындағы жүйелі теңгерімсіздікті жоюға, инфрақұрылымды кешенді дамытуға және
агломерацияларды экономикалық өсудің, инвестициялар мен жұмыспен қамтудың
драйверлері ретінде қалыптастыруға бағытталған.
Оны іске
асыру шеңберінде бірінші және екінші деңгейдегі агломерациялар айқындалып,
мемлекеттік органдардың, мәслихаттардың, бизнес пен ғылым өкілдерінің
қатысуымен агломерациялық кеңестер құрылды.
Алайда 2025
жылдың басында «Ақ жол» партиясы депутаттары тек Астана қаласы маңындағы (Қоянды,
Талапкер, Нұресіл) елді мекендерге жасаған
жұмыс сапарында, 2023 жылдан бастап шешіле бастауы тиіс мәселелер сақталып қана
қоймай, тұрақты әрі созылмалы сипатқа ие болғанына көз жеткізді.
Осыған
байланысты 2025 жылғы 19 ақпанда «Ақ жол» фракциясы заңның іске асырылу барысы
мен қабылданған шаралар туралы Үкіметке депутаттық сауал жолдады.
Алынған
жауапта: 5 агломерациялық кеңес құрылып; триллиондаған теңге көлемінде (оның ішінде Алматы бойынша шамамен 3,3 трлн
теңге, Астана бойынша 1,1 трлн теңгеден астам) қаржы бөлініп қала маңы
инфрақұрылымын дамытуға арналған жүздеген іс-шараларды іске асыру көзделген
делінген.
Ал,
мәлімделген қаржыландыру көлемдеріне және ұсынылған есептерге қарамастан,
жергілікті жерлердегі нақты жағдай іс жүзінде өзгерген жоқ.
Ірі
қалалардың айналасында халық тығыз орналасып, әлеуметтік, инженерлік және көлік
инфрақұрылымы жеткіліксіз «ұйықтаушы аймақтарға» айналған. Сондықтан тұрғындар
базалық қызметтерді қалалардан алуға мәжбүр болып, олардың инфрақұрылымына
қосымша жүктеме түсіруде.
Денсаулық
сақтау және жедел әрекет ету салаларындағы жағдай ерекше алаңдаушылық туғызады. Бірқатар қала маңындағы елді мекендерде медициналық
мамандар мен жедел қызметтер бөлімшелері жоқ. Жедел жәрдем және өзге де
қызметтерді шақыру алыс орналасқан аудан орталықтарынан жүзеге асырылады, кей жағдайларда
ондаған, тіпті жүздеген шақырым қашықтықтан келеді. Бұл жедел әрекет етуді іс
жүзінде мүмкін емес етіп, азаматтардың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп
төндіреді.
Сонымен
қатар, бюджетаралық теңгерімсіздік байқалуда: тұрғындар қалада жұмыс істеп,
салықтарды сол жерде төлейді, тиісінше қалалардың салық базасын қалыптастырады,
ал жолдар, мектептер, медициналық ұйымдар мен коммуналдық инфрақұрылымға
жұмсалатын шығындарды олардың нақты тұрғылықты жерінің бюджеттері көтереді.
Осылайша,
мемлекеттік органдардың есептері мен нақты жағдай арасында айқын алшақтық бар,
бұл жүргізіліп жатқан бағдарламаның тиімсіздігін, сондай-ақ бюджет қаражатын
жұмсауға тиіс үйлестіру мен бақылаудың жеткіліксіздігін көрсетеді.
2023 жылғы
1 қыркүйектегі Жолдауында Президент Қ.Қ. Тоқаев «адамдар инфрақұрылымға емес,
инфрақұрылым адамдарға» қағидатын сақтау және перспективалы ауылдық аумақтарды
өңірлік стандарттар жүйесіне сәйкес дамыту қажеттігін нақты атап өткен болатын.
Жоғарыда
баяндалғандардың негізінде «Ақ жол» ҚДП фракциясы төмендегілер бойынша
түсіндірме беруді талап етеді:
1) Агломерациялық
кеңестер құрылған сәттен бастап қандай нақты инфрақұрылымдық шешімдер мен
жобалар іске асырылды?
2) Үкіметтің бұрыңғы жауабында көрсетілген триллиондаған бюджет қаражаттарының, сондай-ақ жеке инвестициялардың қандай көлемі нақты игерілді?
Құрметпен,
«Ақ жол»
ҚДП фракциясының депутаттары
С. Ерубаев
А. Перуашев
Д. Еспаева
Е. Барлыбаев
Қ. Иса
О. Нуралдинов