08
Маусым

Қызылордалықтардың мәселелері Ақжолдықтардың назарында

Соңғы жылдарда Қызылорда қаласының көркейіп көгалдандыру, тазалығын қалыпта ұстау мәселесіне ерекше ден қойылған. Жылдан жылға жаңа мөлтек аудандырдың да саны артуда. Дегенмен де қаладағы кейбір тұрғын аудандар мен мөлтек аудандарда шешімін таппаған мәселелер әлі де баршылық.

Сондай мәселердің бірімен «Ақ жол» Демократиялық партиясының Қызылорда облыстық филиалының қоғамдық қабылдауына Саяхат, Шұғыла мөлтек ауданы тұрғындары жүгінген болатын.

Тұрғындар көтерген мәселеге зерделеу жұмысын жүргізу мақсатында 2026 жылдың 08 маусымы күні "Ақ жол" Демократиялық партиясы Қызылорда облыстық филиалының қызметкерлері "Саяхат" және  Шұғыла мөлтек аудандарындағы  туындаған мәселелермен танысты.

Атап айтқанда, Саяхат тұрғын ауданындағы Тәтімбет Бұлғақұлы мен Саяхат- 23 және Меней Батыр көшесі аумағында пайда болған «сасық көлшіктің» мәселесімен танысты. Қазіргі кезде аталған көлшік маңайына жағымсыз иіс таратып қана қоймай, маңайы түрлі қоқысқа толған. Сондай-ақ, тұрғын аудандағы көшелер де сын көтермейді. Көшелерге бұрындары қиыршық тас төселгенімен, қазіргі уақытта ол желініп жолсыз көшеге айналған.

Сонымен қатар, "Шұғыла" мөлтек ауданындағы №21 үй маңындағы тұрмыстық қалдықтарды тастауға арналған орын қоршауының құлап, жан-жағы қоқысқа толып, санитарлық талаптарға қайшы жағдай қалыптастырып отырғандығы да зерделенді.

Ақ жолдықтар тарапынан аталған мәселелердің тұрғындардың өмір сүру сапасына, қоршаған ортаның тазалығына және санитарлық-эпидемиологиялық  ахуалға кері әсерін тигізіп отырғандығы байқалды.