ҚР Премьер-Министрінің орынбасары –
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі
Ж.Х. Мәдиевке
Қолжетімді мобильді байланыс пен интернет бүгінде азаматтардың қарапайым қажеттілігіне айналды. Алайда қазақстандықтардың көпшілігі тек жоғары тарифтермен ғана емес, сондай-ақ жасырын ақша шешіп алулармен, еріксіз таңылған сервистермен және тарифтеудің жасырын тетіктерімен жиі бетпе-бет келуде.
«Ақ жол» демократиялық партиясының атына Kcell/Activ операторлары абоненттерінен пайдаланушылардың саналы келісімінсіз бейтарап ақылы сервистердің қосылуы туралы көптеген шағымдар түсуде. Әңгіме «Fun Online», «My Games», «Марафон желаний», «Cinema Games», «New Happy Bonus» және нақты тұтынушылық құндылығы жоқ қызметтер үшін абоненттердің шоттарынан күн сайын ақша шешіп отыратын өзге де сервистер туралы болып отыр.
Оған қоса, абоненттерді бір уақытта бірнеше сервиске қатар қосатын жағдайлар жиі кездеседі, ал тұрақты ақша шешіп алу туралы хабарламалар не келмейді, не байқалмай қалады. Соның салдарынан азаматтар баланс неге үнемі азайып жатқанын түсінбей, айлар бойы қаражатынан айырылып жатады.
Азаматтардың мұндай қызметтерге қатысты шағымдары кемінде былтырғы жылдан бері түсіп келеді. Сол кезде БАҚ-та «Kcell» АҚ басшылығы мұндай сервистерге қатысты компания саясатын қайта қарайтыны туралы хабарланған болатын. Алайда бұл мәселе әлі күнге дейін шешімін тапқан жоқ.
Енді парадоксты жағдай қалыптасып отыр: адамды мұндай қызметтерге қосу оп-оңай, ал олардан бас тарту қияметтің қияметі, себебі жазылымдар туралы ақпарат жасырылған, ал қызметті өшіру үшін көптеген қосымша әрекеттер жасау қажет.
Beeline Kazakhstan абоненттерінен де жекелеген шағымдар түсуде. Онда тарифтік жоспарды төлеуге қаражат жеткіліксіз болған жағдайда, тарифті тоқтата тұрудың орнына абонент автоматты түрде ең қымбат базалық тарификацияға ауыстырылады.
Мысалы, тариф құны 8 мың теңге болып, шотта 5 мың теңге қалған жағдайда, оператор жетіспейтін соманы толықтыру мүмкіндігін берудің орнына абонентті автоматты түрде қымбат мегабайттық тарификацияға көшіреді. Бұл ретте адам SMS-хабарламаны байқамай қалуы әбден мүмкін және интернетті мүлдем басқа шарттармен пайдаланып жүргенін түсінбей де қалады.
Нәтижесінде, шоттағы қалған 5 мың теңге интернетті қалыпты пайдаланудың өзінде бірнеше сағаттың ішінде толықтай шешіліп кетуі мүмкін. Осыдан кейін абонент тарифтің толық құнын — тағы 8 мың теңгені қайтадан төлеуге мәжбүр болады.
Біздің ойымызша, неғұрлым әділ шешім ретінде абонентке қызметтер пакетін ұзарту үшін тек жетіспейтін соманы енгізу мүмкіндігін беретін тетікті енгізу қажет. Ал мұндай шешім расталғанға дейін мобильді интернет пен байланысқа қолжетімділік міндетті түрде қайта хабарлама жіберіле отырып шектелуі тиіс. Интернеттің қымбат базалық тарификациясына көшіру тек абоненттің тікелей келісімімен ғана жүзеге асырылуы қажет.
Байланыс операторлары қолданатын «сенім төлемі» немесе «аванстық толықтыру» тәжірибесі де ерекше назар аударуды қажет етеді.
Мәселен, абоненттерге балансты автоматты түрде толықтыру ұсынылып, кейіннен бұл қаражат мөлшері 20%-ға дейін жететін комиссияны ұстап қалу арқылы қайтарылады.
Мәселенің ауқымын түсіну үшін айтар болсақ: небәрі 3 күн үшін алынатын 20% комиссияны жылдық тиімді мөлшерлемеге шаққанда, ол мыңдаған пайыздық мөлшерлемеге тең келеді және классикалық қаржылық өнімдерге қолданылатын деңгейден әлденеше есе жоғары.
Іс жүзінде бұл халыққа қысқа мерзімді ақылы қаржыландыруды ұсыну болып табылады. Алайда байланыс операторларына шарттарды ашып көрсетуге, комиссияларды шектеуге және тұтынушылардың құқықтарын қорғауға қатысты теңгерімді талаптар қолданылмайды.
Осыған байланысты заңды сұрақ туындайды: неге банктер мен микроқаржы ұйымдарына азаматтарды шамадан тыс борыштық жүктемеден және жоғары комиссиялардан қорғауға бағытталған шектеулер қолданылып, ал байланыс операторлары іс жүзінде соған ұқсас қысқа мерзімді кредиттеу тетіктерін тиісті деңгейдегі реттеу мен бақылаусыз пайдаланып отыр?
Сондай-ақ, операторлардың мобильді қосымшасы мен жеке кабинетінің басты
бетінде барлық қосылған ақылы қызметтер, жазылымдар және күнделікті ақша шешіп
алулар туралы толық ақпарат міндетті түрде көрсетілуі тиіс деп санаймыз. Атап
айтқанда:
— қызмет атауы;
— құны;
— ақша шешу мерзімділігі;
— қосылған күні;
— сондай-ақ операторға қоңырау шалмай-ақ, бір батырма арқылы бірден бас тарту мүмкіндігі болуы қажет.
Сонымен қатар, пайдаланылмаған интернет-трафикті есептен шығару тәсілін қайта қарау әділетті болар еді деп есептейміз.
Бүгінде абонент нақты көлемдегі қызмет үшін ақы төлегенімен, ай соңына дейін төленген интернет-пакетті толық пайдаланылмай қалса, қалған трафик жай ғана жойылады.
Кем дегенде пайдаланылмаған интернет-трафиктің бір бөлігі келесі айға автоматты түрде ауыстырылуы тиіс деп санаймыз.
Жоғарыда айтылғандарға байланысты, «Ақ жол» демократиялық партиясының фракциясы талап етеді:
1. Барлық мобильді байланыс операторларындағы жасырын ақша шешіп алу, ақылы сервистерді қосу және тарифтеу тетіктеріне кешенді тексеру жүргізуді;
2. Абоненттің тікелей және нақты растауынсыз кез келген ақылы сервистерді қосуға тыйым салу мәселесін қарастыруды, сондай-ақ операторларды мобильді қосымша мен жеке кабинеттің басты бетінде барлық қосылған ақылы қызметтер, жазылымдар және күнделікті ақша шешіп алулардың толық тізімін көрсетуге, оларды бір батырма арқылы дереу өшіру мүмкіндігін қамтамасыз етуге міндеттеуді;
3. Абоненттерге қызмет көрсету тетіктерін енгізу мәселесін қарастыруды,
оның ішінде:
— интернет құны қымбат базалық тарификацияға тек абоненттің тікелей
келісімімен көшіруді;
— тарифтік жоспардан тыс қызметтерді пайдалануға келісім берілгенге дейін
шектеу қоюды;
— сондай-ақ пайдаланылмаған интернет-трафикті немесе оның бір бөлігін келесі есептік кезеңге ауыстыруды;
4. Абоненттерден комиссия ұстап қалуды көздейтін «сенім төлемі» сервистері
мен балансты аванстық толықтырудың өзге де тетіктерінің құқықтық табиғатын
олардың тұтынушылардың құқықтарын қорғау, қаржылық қызмет және халықты жасырын
несиелеу нысандарына жол бермеу туралы заңнамаға сәйкестігі тұрғысынан
тексеруді.
Құрметпен,
«Ақ жол» фракциясының депутаттары:
О. Нуралдинов,
А. Перуашев,
Д. Еспаева,
Е. Барлыбаев,
Қ. Иса,
С. Ерубаев.