20 тамызда Шымкент қаласындағы «QAZALPACK» өндірістік кәсіпорнында маңызды қоғамдық-саяси басқосу өтті.
«Ақ жол» партиясы төрағасы Дания Еспаева бастаған штап мүшелері елдегі кәсіпкерлікті қолдау, отандық өнім өндірушілердің нарықтағы үлесін арттыру және жұмысшылардың әлеуметтік жағдайы мәселелерін кеңінен талқылады.
Шара барысында спикерлер партияның алдағы уақытқа жоспарлаған негізгі бағыт-бағдарымен таныстырып, бәсекеге қабілетті экономика құру үшін ең алдымен ішкі өндіріс орындарын барынша қолдау қажеттігіне назар аударды.
Жиын барысында отандық кәсіпкерлерді негізсіз кедергілерден қорғау, салықтық ынталандыру жүйесін қайта қарау және өндіріс орындарын заманауи технологиялармен жабдықтауға мемлекеттік деңгейде қолдау көрсету секілді стратегиялық басымдықтар сөз болды. Халық қалаулылары жаһандық экономикалық құбылмалылық жағдайында Қазақстан үшін ішкі нарықты қамтамасыз етіп отырған отандық кәсіпорындардың рөлі орасан зор екенін баса айтып, қарапайым жұмысшылардың еңбек құқықтарын қорғау мен тұрақты жұмыс орындарын сақтап қалудың маңыздылығына тоқталды. Мемлекеттің қуаты оның өндірістік әлеуетінде екенін тілге тиек еткен меймандар, еңбек етіп жүрген әрбір азаматтың құқығын қорғап, отандық кәсіпорындардың еркін дамуына жол ашу ортақ міндет екенін жеткізді.
Елуге жуық зауыт қызметкері қатысқан жиын тек баяндама оқумен шектелмей, ашық диалог форматында өрбіді. Жұмысшылар қауымы өндіріс процесіндегі қиындықтар, шикізат мәселесі және әлеуметтік кепілдіктерге қатысты өздерін толғандырған сауалдарын тікелей қойып, пікірталасқа белсенді түрде араласты. Кәсіпорын ұжымы тарапынан айтылған ұтымды ұсыныстар назарға алынып, спикерлер әрбір сұраққа дәйекті әрі нақты жауаптар берді.
Кездесу қорытындысы бойынша партия өкілдері кәсіпорын қызметкерлері көтерген мәселелердің назардан тыс қалмайтынын және олардың тиісті деңгейде қаралып, шешілуіне ықпал ететіндерін жеткізді. Отандық өндірісті қолдауға бағытталған мұндай ашық жүздесулер саяси күштер мен қарапайым еңбеккерлер арасындағы байланысты нығайтып, қоғамдағы ортақ түйткілдерді бірлесе шешуге зор үлес қосады.



