25
Қараша

25.11.2026

15–20 жыл бұрын берілген жер учаскелеріне қайта дау айту бизнеске қалай әсер етеді? - Ермекқали Юсупов

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары  

Ұлттық экономика министрі

С. М. Жұманғаринге

 

Мемлекет басшысы елімізге инвестиция тарту және меншік құқығын қорғау міндетін қойып отыр. Алайда, іс жүзінде кәсіпкерлер 15-20 жыл бұрын мемлекет өзі берген жер учаскелерінен айырылып қалу қаупіне тап болуда.

«Ақ жол» Демократиялық партиясына жер учаскелері әкімдіктердің қаулыларымен беріліп, заңнамаға сәйкес рәсімделгеніне қарамастан, арада ондаған жыл өткен соң мемлекеттік органдардың талап қоюымен сот дауына айналған жағдайлар бойынша кәсіпкерлердің өтініштері келіп түсуде.

Осы уақыт ішінде кәсіпкерлер жер учаскелеріне түрлі нысандар салып, қомақты қаражат жұмсады, жұмыс орындарын ашып, салық төлеп келеді. Алайда, бүгінде мемлекеттік органдар сол кезде өздері қабылдаған шешімдерге өздері қарсы шығып, жіберілген қателіктердің зардабын кәсіпкерлерге тартқызып отыр. Басқаша айтқанда, мемлекет арада ұзақ уақыт өткен соң өз шешімдерін заңсыз деп танып, адал меншік иелерінің жылдар бойы салған инвестициялары мен қалыптасқан мүліктік құқықтарына қауіп төндіруде.

2024 жылы тексерілген 16 988 әкімдік шешімінің 3 140-ы заңсыз деп танылған. Ал, 2025 жылы жүргізілген 1 056 тексерудің 847-сінде құқық бұзушылықтар анықталған.

Мұндай тәжірибе меншік құқығының тұрақтылығына нұқсан келтіреді. Өйткені, кәсіпкер заңды түрде иеленген мүлкінен арада ондаған жыл өткен соң да айырылып қалуы мүмкін екенін түсінеді.

Азаматтық кодекстің 178-180-баптарында талап қоюдың үш жылдық мерзімі белгіленген. Соған қарамастан, мемлекеттік органдар бұл мерзімнің басталуын арада жиырма жыл өткен соң жүргізілген кезекті тексеру уақытымен байланыстырып отыр. Соның салдарынан мемлекеттік органдар бұрын қабылдаған шешімдеріне қанша жыл өтсе де қайта дау айтуға мүмкіндік алып отыр.

Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің 13 және 84-баптары мен Азаматтық кодекстің 261-бабында мемлекетке деген сенім қағидаты және адал сатып алушылардың құқықтарын қорғау кепілдіктері көзделген. Дегенмен, бұл нормалар мемлекеттік органдардың өздері жіберген қателіктері үшін меншік иелерінің мүлкінен айырылуына жол бермеуге жеткілікті деңгейде кепіл бола алмай отыр. Яғни, мемлекеттік тіркеуден өткен меншік құқығының өзі кәсіпкерді кейіннен мүлкінен айырылу қаупінен толық қорғай алмайды.

Мүліктен айырылған жағдайда кәсіпкер жер учаскесінен ғана емес, оған салған қаражаты мен инвестициясынан да айырылады. Бұл ретте мүліктің нарықтық құнын, жұмсалған күрделі қаржы салымдарын және өзге де шығындарды толық өтеуге кепілдік беретін нақты тетік жоқ. Ал, заң бұзуға жол берген лауазымды тұлғалардың жауапкершілігі іс жүзінде кәсіпкердің мойнына артылған шығындармен алмастырылып отыр.

Мемлекеттік органдардың бұрын қабылдаған шешімдеріне арада ұзақ уақыт өткен соң да дау айту мүмкіндігі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін арттырады. Мұндай жағдай заң талаптарын таңдап қолдануға және кәсіпкерлерге әкімшілік қысым көрсетуге жол ашуы мүмкін.

 

Осыған байланысты «Ақ жол» Демократиялық партиясының фракциясы:

1. Мемлекеттік органдардың жер учаскелерін беру туралы шешімдеріне дау айту мерзімінің нақты шегін заңмен белгілеуді және заңда көзделген ерекше жағдайларды қоспағанда, кейінгі тексерулердің нәтижелеріне сүйене отырып, бұл мерзімді қайта есептеуге жол бермеуді;

2. Адал меншік иелері мен жер пайдаланушылардың құқықтарын қорғау кепілдіктерін күшейтуді, мемлекеттік органдардың бұрын жіберген қателіктері адал меншік иелерінің мүліктік құқықтарын тоқтатуға негіз болмауын қамтамасыз етуді;

3. Мемлекеттік органдардың заңсыз шешімдері салдарынан мүлкінен айырылған адал меншік иелеріне келтірілген залалды толық өтеу тетігін әзірлеуді және өтемақы мөлшерін айқындау кезінде мүліктің қазіргі нарықтық құнын, жұмсалған күрделі қаржы салымдарын және құжатпен расталған өзге де шығындарды ескеруді талап етеді.

 

Кәсіпкерлердің өтініштері қоса ұсынылады.

 

Құрметпен,

«Ақ жол» ҚДП фракциясының депутаттары

Е. Юсупов

Д. Еспаева

О. Нұралдинов

А. Қожахметов  

М. Шынасилова

Д. Ахметжаев

Б. Бибаев

Ю. Ли