26
Маусым

Азат Перуашевтың Парламент Палаталарының бірлескен отырысында Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның 2025 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін бекіту мәселесі бойынша сөйлеген сөзі

Парламент Палаталарының бірлескен отырысында Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның 2025 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін бекіту мәселесі бойынша сөйлеген сөзім

Қадірлі үзенгілестер!

 
Үкіметтің 2025 жылғы есебін қарастыра отырып, «Ақ жол» фракциясы бірқатар мәселелер бойынша Жоғары аудиторлық палатаның сын-пікірлерін қолдайды.
 
Біріншіден, Үкімет өзінің бұрынғы уәделерінде тұрмағаны анықталды.
Мысалы, 2024–26 жылдарға арналған бюджет жобасын бекіту кезінде,Үкімет 2025 жылдан бастап, Ұлттық қор шығыстарын қысқарту жоспарын жариялаған болатын.
Іс жүзінде 2025 жылы Ұлттық қордан алынатын қаражат көлемі жоғары деңгейде сақталып отыр (5,3 трлн теңге).
 
Оған қоса, 2025 жылы да Үкімет 2026 жылға тиесілі бизнестен салықтарды алдын ала жинап алу және экспорттаушыларға қросымша құн салығын  (ҚҚС) қайтаруды тоқтата тұру секілді, теріс тәжірибеден бас тарта алмады.
Мұндай шаралардың жалпы сомасы бұрынғыдай 1 трлн теңгеден асты.
 
Екінші мәселе: бюджет саясатының теңгерімсіздігі.
Өткен жылы әлеуметтік саланы қаржыландыру көлемі 10,1 трлн теңгеге дейін өсті.
Ал экономиканың нақты секторына жұмсалған шығындар небәрі 2,2 трлн теңгені құрады.
Сонда Үкімет қайтарымсыз қажеттіліктерге болашақ табыс көздерін қалыптастыруға қарағанда 5 есе көп қаражат жұмсап отыр.
Біздің ойымызша, бұл ара-қатынас керісінше болғаны жөн.
 
Сонымен қатар, Үкімет өз қызметінің барлық бағыттарын республикалық бюджет арқылы көрсетпейтіні анық.
Өңірлерде ұлттық экономиканың құрылымы мен технологиялық деңгейін өзгертуге қабілетті, терең өңдеуге негізделген жаңа ірі инвестициялық жобалар іске асырылуда.
 
Бірақ, мемлекеттік қаражаттың бұл триллиондаған көлемі бюджет пен Парламенттен тыс, «Самұрық-Қазына» қоры арқылы, Үкіметтің дербес шешімдері негізінде бағытталуда.
 
Демек, іс жүзінде параллельді экономикалар қалыптасты: бірі – бюджет арқылы өтетін экономика, екіншісі – Парламенттің талқылауынсыз Үкімет қалыптастыратын экономика.
 
Ал, мұндай тәсіл белгілі бір жобаларды жоспарлаудың негізділігі тұрғысынан көптеген сұрақтар туындатады.
Сондықтан «Ақ жол» фракциясы қоғам мен Парламентке бұл шығындарды жұмсалып қойғаннан кейін емес, жоспарлағанда талдау мүмкіндігін беруді тағы да ұсынады.
 
Үшінші мәселе, квазимемлекеттік сектор мен міндетті қорлардың Парламент бақылаудан тыс қалған жұмысы.
Квазимемлекеттік компаниялардың қаржыландыруға бюджеттен шамамен 5 трлн теңге жұмсалды.
Ал олардың бюджетке беретін қайтарымы керісінше азайып келеді.
Мәселен, 2024 жылы «Ақ жол» фракциясының бастамасымен Бюджет кодексіне «Самұрық-Қазына» қорының жүйе құраушы компаниялары таза пайдасының кемінде 50 пайызын бюджетке аударуы тиіс деген норма енгізілді.
 
Бірақ, бұл талаптың өзі де орындалмай отыр.
 
Төртінші мәселе. Ағымдағы талқылау бюджет мәселесін Үкіметтің іс-қимыл бағдарламасымен бірге қарау қажеттігін тағы да көрсетіп отыр.
 
Парламент Үкімет жұмысына бюджетті игеру нәтижелері бойынша баға береді. Алайда, қоғамға тек қаржылық есеп қана емес, Үкіметтің бюджет қаражаты мен өз күш-жігерін қандай міндеттерді орындауға жұмсағанын және сол міндеттердің қаншалықты орындалғанын көрсететін құжат керек.
 
Мұндай бағдарламалық мәні бар құжат - Президенттің жыл сайынғы Жолдаулары екенін баршаға мәлім.
 
Сондықтан алдағы уақытта бюджет жөніндегі Есептермен қатар, Үкіметтің Президент Жолдауларының орындалуы туралы есебін бір ғана фракция алдында емес, болашақ көппартиялы Құрылтай алдында беру тәжірибесін енгізуді орынды деп санаймыз.

Құрметті әріптестер!
Бәлкім, бүгін біз Үкіметтегі әріптестеріміздің жұмысына тым сыни көзбен қарап отырған шығармыз.
Өйткені 2025 жылғы көрсеткіштерге көп жағдайда форс-мажорлық жайттар, ең алдымен бюджет тапшылығы әсер етті.
 
Дәл осы мәселе сол кезеңде жүргізілген салық реформасының негізгі себебіне айналғаны белгілі.
Ал бұл реформның биылғы әсерін Үкімет өз жұмысында көрсетіп отыр.
Яғни, бүгінгі бюджеттегі оң көрсеткіштердің негізі - сол алдыңғы жылы Үкімет өткізген жұмысының нәтижесі деп мойндағанымыз жөн.

Бұл - Қазақстанның экономикасы бай, мемлекеті мықты, және қолда бар ресурстары тек проблемаларды шешуге ғана емес, тұрақты әрі сенімді дамуды қамтамасыз етуге де жеткілікті екеніне артықша дәлел.

«Ақ жол» фракциясы Бектенов мырза басқаратын Үкіметіне сәттілік тілейді және Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның есептерін, біз және басқа да фракциялар көтерген ұсыныстарды ескере отырып, қабылдауды қолдайды.
 
Назарларыңызға рақмет
.