2026 жылғы 2 шілдеде Ақтөбе қаласында Қазақстанның
«Ақ жол» демократиялық партиясы Ақтөбе облыстық филиалының өңірлік
конференциясы өтті.
Конференция жұмысына облыстық филиал мүшелері,
аудандық және қалалық мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері қатысып,
күн тәртібінде партияның 2026 жылғы 5 шілдеде Астана қаласында өтетін кезекті
ХХІІІ Съезіне Ақтөбе облысынан делегаттарды сайлау мәселесі қаралды.
Конференцияны Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы
Ұлан Ермекұлы Қозыбаков жүргізді. Ол өз сөзінде партияның Орталық аппаратының
тапсырмасына сәйкес ХХІІІ Съездің өтетінін хабарлап, өңір атынан съезге
қатысатын делегаттарды бекітудің маңыздылығына тоқталды.
Талқылау барысында Ақтөбе қалалық мәслихатының
депутаты Денис Николаевич Степнов пен Ақтөбе облыстық мәслихатының депутаты
Азамат Алтынбекұлы Саймов ұсынылған кандидаттарды толық қолдап, олардың партия
жұмысына белсенді араласып жүрген, тәжірибелі әрі жауапты азаматтар екенін атап
өтті.
Конференция барысында сайланған делегаттардың
партияның алдағы ХХІІІ Съезінде өңірдің ұстанымы мен ұсыныстарын лайықты
деңгейде таныстырып, партияның стратегиялық бағыттарын айқындауға белсенді үлес
қосатынына сенім білдірілді.
Өңірлік конференция партияның ішкі ұйымдық
жұмыстарын нығайтуға, өңірлік ұйымның бірлігін арттыруға және алдағы саяси
іс-шараларға жүйелі дайындық жүргізуге бағытталған маңызды кезең болды.