Кеше Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы күшіне еніп, Мемлекет басшысы 2026 жылдың 23 тамызында Құрылтай сайлауын өткізу туралы Жарлыққа қол қойды.
Жарлыққа қол қойылуы конституциялық өзгерістерді жүзеге асырудың маңызды кезеңі әрі Президенттің мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге, демократиялық институттар мен отандық парламентаризмді дамытуға бағытталған саяси жаңғыртуларының заңды жалғасы болып табылады.
Жалпыұлттық референдумда жаңа Конституцияны қолдай отырып, Қазақстан халқы мемлекеттің жаңа даму бағдарын айқындады. Құрылтай сайлауының тағайындалуы қабылданған өзгерістерді іс жүзінде жүзеге асыру кезеңіне өткізіп, өкілді билікті дамытудың жаңа белесін айшықтайды.
Құрылтайдың жоғары бір палаталы заң шығарушы орган ретінде құрылуы парламентаризмнің одан әрі дамуына жаңа мүмкіндіктер ашады. Алдағы сайлау халық өкілдігі мен биліктің қоғам алдындағы жауапкершілігі қағидаттарын нығайта отырып, азаматтарға еліміздің жоғары заң шығарушы органын қалыптастыруға тікелей қатысуға мүмкіндік береді.
Құрылтай мемлекеттік саясаттың сабақтастығын, институционалдық тұрақтылық пен заң шығарушы биліктің дәйекті дамуын қамтамасыз етіп, құқықтық мемлекетті нығайтуға ықпал жасайды.
«Ақ
жол» демократиялық партиясы Құрылтай сайлауын Халық Конституциясын іске
асырудағы маңызды кезең ретінде қарастырып, азаматтарға өзгерістердің ары
қарайғы бағдарламасын ұсына отырып оған белсенді түрде қатысатын болады.