13
Мамыр

13.05.2026

ОТӨ Тізілімі мен оның Апелляциялық комиссияның жұмысындағы бюрократия мен тәуекелдерді жою қажет

ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі

Е. Нағаспаевқа

 

«Ақ жол» демократиялық партиясына отандық тауар өндірушілер тізілімінің (ОТӨ) жұмыс істеуі, сондай-ақ бизнестің өтініштерін қарау кезіндегі Апелляциялық комиссия қызметіне қатысты кәсіпкерлік субъектілерінің өтініштері үздіксіз келіп түсуде.

Кәсіпкерлер дербес деректерді өңдеу, коммерциялық маңызы бар ақпарат айналымы және оны тиісінше қорғауды қамтамасыз ету салаларында жүйелі проблемалардың бар екенін хабарлауда.

Аталған мәселелер мемлекеттік қызметтерді цифрландыру және ведомствоаралық деректер алмасуды кеңейту жағдайында ерекше өзектілікке ие болуда, себебі, ақпараттық жүйелердегі кез келген осалдық бизнес құқықтары мен мүдделеріне әсер етіп, оның ОТӨ тізілімі институттарына деген сеніміне ықпал етеді.

Атап айтқанда, кәсіпорындар ОТӨ тізіліміне қосылу немесе апелляция беру үшін сұратылатын ақпарат көлемінің шамадан тыс көп екендігін көрсетуде. Осы тұрғыда бизнес шешім қабылдау үшін шын мәнінде қандай деректердің қажет екендігі, оларды сақтау мен кейіннен пайдаланудың құқықтық кепілдіктері қандай екендігі жөнінде әрдайым нақты түсінік ала бермейді.

Сонымен қатар бизнес ұсынылған құжаттарды бағалау өлшемшарттарының және апелляцияларды қарау тетіктерінің жеткілікті деңгейде ашық еместігі, сондай-ақ қаралған материалдармен танысу рәсімдерінің түсінікті болмауы мәселелерін алға тартуда.

Мұның барлығы артық әкімшілендіру әсерін қалыптастырып, сезімтал ақпараттың негізсіз жинақталу қаупін туғызады.

Құрамында коммерциялық құпиясы бар мәліметтерге қатысты бірыңғай әрі ашық тәсілдердің болмауы ерекше алаңдаушылық туғызады. Кәсіпкерлер келесідей орынды сұрақтар туындауда: бұл деректерге нақты кімдер қол жеткізе алады, ақпаратты пайдалану қалай тіркеледі, ақпараттық жүйелер қаншалықты қорғалған және мәліметтердің тарап кетуі немесе рұқсатсыз таратылу қаупінің жоқтығы қаншалықты қамтамасыз етілген?!.

Осы орайда бұл мәселелер азаматтар мен кәсіпкерлердің конституциялық құқықтарына тікелей қатысты. Қазақстан Республикасы Конституциясының 21-бабына сәйкес жеке өмірге қол сұғылмаушылық, жеке және отбасылық құпияны сақтау, сондай-ақ дербес деректерді заңсыз жинаудан, өңдеуден, сақтаудан және пайдаланудан, оның ішінде цифрлық технологияларды қолдану арқылы қорғау құқығына заңмен кепілдік беріледі. Демек, дербес деректерді жинау мен пайдалануға байланысты кез келген рәсімдер нақты құқықтық негіздер болған жағдайда ғана және ақпараттың қажеттілігі, теңгерімділігі мен қорғалуы қағидаттарын сақтай отырып жүзеге асырылуы тиіс.

Бұл мемлекеттік ақпараттық жүйелердің жұмыс істеуі мен бизнес өтініштерін қарау барысында ақпараттық қауіпсіздік пен құпиялылық талаптарын сақтаудың айрықша маңыздылығын көрсетеді.

«Ақ жол» фракциясы мемлекеттік әкімшілендіруді цифрландыру бюрократияның өсуімен емес, керісінше рәсімдердің ашықтығын арттырумен, әкімшілік жүктемені азайтумен және бизнесті қорғау кепілдіктерін күшейтумен қатар жүруі тиіс екенін бірнеше рет көтерген болатын.

Бұл әсіресе отандық өндірушілерді қолдау мәселелерінде маңызды, өйткені кәсіпкерлердің мемлекеттік тетіктерге деген сенімі принципті мәнге ие.

Осыған байланысты ОТӨ тізілімінің Апелляциялық комиссиясы қызметін ақпараттық қауіпсіздіктің ұйымдастырушылық және техникалық шараларын күшейту, деректерді өңдеудің ашық рәсімдерін енгізу, ақпаратқа қол жеткізудің толық қадағалануын қамтамасыз ету, сондай-ақ құпиялылық режимін бұзғаны үшін лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін күшейту бөлігінде жетілдіру қажет деп санаймыз.

Сондай-ақ ақпаратты жинау мен сақтауға қатысты қолданыстағы тәсілдерге тексеріс жүргізу, өтініш берушілерге қойылатын артық талаптарды алып тастау, деректерді қорғаудың заманауи тетіктерін және ақпараттық қауіпсіздікке тұрақты аудит енгізу орынды деп есептейміз.

Сонымен бірге өтініш берушілердің апелляцияларды қарау материалдарына және қабылданған шешімдердің негіздеріне қол жеткізу тәртібі қосымша регламенттеуді талап етеді.

 

Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, «Ақ жол» демократиялық партиясының фракциясы төмендегі мәселелер бойынша ақпарат беруді сұрайды:

1. ОТӨ тізілімінің Апелляциялық комиссиясы кәсіпкерлік субъектілерінің дербес деректері мен коммерциялық маңызы бар ақпаратын қорғауды қамтамасыз ету үшін қандай нақты шаралар қабылдауда.

2. Өтінімдер мен апелляцияларды қарау барысында пайдаланылатын дербес деректер мен өзге де сезімтал ақпаратты өңдеу, сақтау, пайдалану және жою кезінде қандай қолданыстағы регламенттер мен тетіктер қолданылуда.

3. Тізілім енгізілген уақыттан бері құпиялылық режимін бұзу, деректердің тарап кетуі немесе өтініш берушілердің мәліметтеріне рұқсатсыз қол жеткізу жағдайлары тіркелген бе және мұндай фактілер бойынша қандай шаралар қабылданды.

 

Құрметпен,

«Ақ жол» ҚДП фракциясының депутаттары

А.Перуашев,

Д.Еспаева,

Е.Барлыбаев,

Қ.Иса,

С.Ерубаев,

О.Нуралдинов.