ҚР Премьер-Министрі
О. А. Бектеновке
«Ақ жол» фракциясы
мұнай-газ әлеуетін тиімді пайдалану, ұлттық мүдделерді қорғау және
көмірсутектер өндірудің технологиялық деңгейін арттыру мәселелерін, оның ішінде
шетелдік инвесторлармен жасалған мұнай-газ келісімшарттарының талаптарын қайта
қарау, сондай-ақ мұнай саласындағы халықаралық даулар мен қаржылық шығындар
кезінде мемлекеттің мүддесін қорғау қажеттігін жүйелі түрде көтеріп келеді.
Алайда Үкімет: қойылған мәселелер бойынша осы уақытқа
дейін нақты әрі мазмұнды жауаптар ұсынған жоқ.
Сонымен қатар, аталған талқылаулар шеңберінен тыс қалып
отырған тағы бір өте маңызды ішкі резерв бар.
Ол – мұнай алу
коэффициентін (МАК) арттыру.
Үкімет 2015 жылы мұнай алу коэффициентін арттыруды
саланың стратегиялық басымдығы
ретінде айқындаған болатын. Сол кездегі Премьер-Министрдің Бірінші орынбасары
қызметін атқарған Б. А. Сағынтаев: «Қазақстанда мұнай алу коэффициенті
шамамен 30% ғана, ал әлемде бұл көрсеткіш 50%-ға дейін жетеді. Сондықтан мұнай алу коэффициентін кемінде 5-7%-ға
арттыру қажет», - деп нақты атап көрсеткен болатын.
Сол уақытта Энергетика министрлігінің басшылығы да: «Елімізде
коэффициенттің небәрі 1%-ға өсуі: шамамен 150–160 млн тонна мұнайдың қосымша
өндірілуін қамтамасыз етеді, бұл ірі
кен орнын ашумен тең», - деп мәлімдеген. Осыған байланысты
министрлікке мұнай өңдіруді арттыруға бағытталған озық технологияларды енгізу
және ынталандыру бойынша жүйелі шаралар әзірлеу тапсырылған болатын.
Алайда он жыл уақыт өтсе де, аталған тапсырмаларды іске
асыруға арналған кешенді мемлекеттік жоспардың жоқ екенін атап өтуге мәжбүрміз.
Мемлекет басшысы өз сөздерінде көмірсутектердің алдағы
уақытта да жаһандық энергетикада шешуші рөл атқаратынын бірнеше рет атап өтті.
Осыған орай, отандық мұнай-газ өнеркәсібі заманауи талаптарға толық сәйкес
келуі тиіс.
«Ақ жол» фракциясы әлемдік тәжірибеде мұнай алу
коэффициентін 60-65% деңгейіне жеткізу міндеті қойылып отырғанын, ал жекелеген
кен орындарында бұл талап 70-75%-ға дейін жететінін атап көрсетеді. Осы тұрғыда
Қазақстанда осындай мақсатты бағдарламалардың болмауы дәлелденген мұнай
қорларының елеулі бөлігінің өндірілмей қалуына, бюджеттік кірістердің
төмендеуіне және саланың инвестициялық тартымдылығының азаюына алып келуде.
Әсіресе, игерудің кейбір кен орындарындағы жағдай ерекше
алаңдаушылық туғызады. Мысалы: Сала мамандарының деректеріне сәйкес, парафин
мөлшері жоғары (20-25%) Өзен кен орнында қабат қысымын ұстап тұру үшін; Қабат
суы мен Каспий теңізінің салқын теңіз суының тазартылмаған қоспасын айдау
практикасы қолданылуда.
Бұл тәсіл қабат флюидтерінің физика-химиялық қасиеттеріне
де, әлемдік мұнай-газ тәжірибесіне де сәйкес келмейді.
Соның салдарынан қабаттың кеуекті кеңістігінің парафинмен
бітелуі, тұз шөгінділерінің түзілуі, биогендік ластану нәтижесінде
күкіртсутектің пайда болуы және жабдықтар жедел коррозияға ұшырап, нәтижесінде
өнімді қабат деградацияланып, базалық өндіру көлемі тұрақты түрде төмендейді,
бұрғылау тиімділігі азая отырып, өндірудің өзіндік құны күрт қымбаттайды және металл
жабдықтарының қызмет ету мерзімі 3-5 есеге қысқарады.
Халықаралық тәжірибеде,
тазартылмаған теңіз суын пластқа айдау, жол берілмейтін әдіс ретінде танылған. Әлемде алдыңғы
қатарлы мұнай-газ компаниялары, қабат қысымын формалды ұстап тұруға емес, мұнай
алу коэффициентін барынша арттыруға бағытталған, тұйық, заманауи циклді
жүйелерді қолданады.
Осыған байланысты, «Ақ жол» фракциясы ұлттық бизнес пен
отандық өндірушілердің партиясы ретінде:
Мұнай алу коэффициентін арттыру жөнінде орта және ұзақ
мерзімді, нақты мақсатты көрсеткіштері бар жүйелі мемлекеттік жоспарды әзірлеу
және енгізу қажеттігін талап етеді. Оның ішінде:
Алдағы 5 жыл ішінде негізгі кен орындар бойынша мұнай алу
коэффициентін кемінде 5–10%-ға арттыруды және ұзақ мерзімді перспективада
халықаралық стандарттар деңгейіне жеткізуді көздейтін нақты индикаторларды
белгілеу;
Әлемдік тәжірибе мен отандық компаниялардың әлеуетін
ескере отырып, стратегиялық маңызы бар кен орындарында мұнайды екінші және
үшінші реттік өндіруді қоса алғанда, озық өндіру технологияларын енгізуді;
Мұнай өндіру көлемін ұлғайту және ұлттық экономикалық
мүдделерді қорғау мақсатында қолданыстағы мұнай-газ келісімшарттарының талаптарын
қайта қарау;
Жер қабаттарының бітелуі салдарынан мұнай алу
коэффициентінің нақты шығындарын бағалау.
Құрметпен,
«Ақ жол» ҚДП фракциясының депутаттары
С. Ерубаев
А. Перуашев
Д. Еспаева
Е. Барлыбаев
Қ. Иса
О. Нуралдинов