ҚР Премьер-Министрі
О. А. Бектеновке
Отыз жылдан астам Қазақ мұнайын - қара алтынымызды қалауынша игеріп жатқан шетелдік компаниялармен есеп айырысу қалай болуда! Осы маңызы зор мәселені нақты ретке келтіру қажет деп білеміз.
Шетелдіктермен стратегиялық кен орындары жайлы 90-шы жылдары жасалған
Өнімді бөлу Келісімдері (ӨБК) қашанда елдің емес, тек инвестордың мүддесі мен
пайдасын ғана қорғайтын келісім. Сондықтан, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт
Тоқаев 2022 жылы: «Өнімді бөлу туралы бұрынғы келісімдер 30 жыл бұрын мүлдем
басқа жағдайларда жасалған және ұзарту кезінде оларға өзгерістер енгізу қажет»
деп мәлімдеп, Үкіметке тиісті шараларды қабылдауды тапсырды. Ел экономикасы үшін ерекше
маңызы зор осы мәселе әлі шешілмей келеді...
«Ақ жол» Демократиялық партиясы, өнімді бөлу тетігінің әділетсіздігі туралы мәселені Парламентте бірнеше рет көтерді.
1. 2023 жылы көктемде Қазақстан билігі
шетелдік компанияларды тендер тәртібін бұзды, мердігер міндеттемесін толық
орындамады деп айыптап, серіктестерінің Қашаған бойынша 13 млрд, Қарашығанақ
бойынша 3,5 млрд доллар шығынды ұстап қалғанына наразылық жасап, қайтаруды
талап етті. (Bloomberg).
Қазақстан NCOC (Қашаған жобасының
операторлары консорциумы) мен Karachaganak Petroleum Operating BV компанияларын
халықаралық арбитражға берді.
Мемлекет айыптаған негізгі тұстар:
1.Компаниялар тендер мен өнімді бөлу
туралы келісімнің шарттарын бұзды;
2.Қашаған бойынша мердігер міндеттемелерін
толық орындаған жоқ;
3.Осыдан Қазақстан шығындарға ұшырады және
уақтылы жобаны жүзеге асыра алмады.
Осы
инвесторлар пайдаланып кеткен 16,5 млрд доллардың жағдайы не болды? Бұл 8,6 триллион теңге!
2.Айыптар тек тендер мен міндеттемені орындау
мәселесіне ғана қатысты емес. Оған қоса Қазақстан 2023 жылы наурыз айында
Қашаған жобасынан экологиялық талаптар бұзылды деп North Caspian Operating
Company N.V. 2,3 трлн теңге - $5,1 млрд доллар
(сол кездегі бағам бойынша) мөлшерінде экологиялық айыппұл төлеу туралы
талап қойды.
Атап айтқанда, мәселе, сірке қышқылын
сақтау нормаларының бұзылуында болып отыр: рұқсат етілген 773 мың тоннаның
орнына, 2,5 есе көп — 1,7 млн тонна орналастырылған және т.б.
Кейінірек, бұл айыппұл, шамамен 150 млрд.
АҚШ доллары көлемінде (Bloomberg) өтемақы туралы жиынтық талаптарға дейін
кеңейтілгені хабарланды.
3. Алайда, екі жылдық сот процестерінің
қорытындысы бойынша даудан ұтылып, осы уақытқа дейін бұл айыппұл өндірілген
жоқ.
Бұл ретте, сарапшылардың бағалауы бойынша,
теңгенің 2023 және 2025 жылдар арасындағы долларға шаққандағы бағамдық
айырмасының нәтижесінде, теңгемен есептелген айыппұл сомасы шамамен 1 млрд.
долларға қысқарған.
Басқаша айтқанда, істің екі жыл бойы
созылып кетуі, қалай болғанда да, валюта бағамының құбылуына байланысты,
теңгемен есептелген Қазақстан талаптарының долларлық мәнде орасан зор сомаға
қысқаруына әкеп соқты.
Мұндай жағдай, әрине, шетелдік компаниялар
үшін тиімді, бірақ Қазақстан үшін зиянды. Сонда біз істі екі жыл созып жүріп, басқаларын айтпағанда,
тек 5,1 млрд доллардан тағы 1 млрд
долларға жуық жоғалттық.
Яғни, осы уақыт ішінде консорциум
миллиардтаған қаржылық пайда көрді, ал Қазақстан бюджеті миллиардтаған шығынға
батты.
4.Отыз жылдан бері сол кездегі билік пен инвесторлардың Өнім табысын бөлудің құпия
келісім-шарттары кесірінен халыққа мұнай мұхитынан тамшы ғана тиіп отырғаны
аздай, енді енді мемлекетке шетелдік компаниялар өтеуден бас тартып отырған
орасан зор экологиялық зиян да келтіруде.
5. Тіпті триллиондаған теңгемен есептелген
экологиялық айыппұлдар, сондай-ақ шетелдік консорциумдардың тендерлік
рәсімдерді бұзғаны және мердігерлік міндеттемелерді орындамағаны үшін
айыппұлдардың әлі күнге өндірілмегенін
қалай түсінуге болады?
Неліктен мемлекеттік органдар өз
талаптарын дәлелдей алмады?
Халықаралық арбитражда Қазақстанның
ұтылуының себебі неде?
6. Бұндай жағдай ұлттық мүдделерге тікелей зиян келтіріп қана қоймай, мемлекеттік органдардың осындай деңгейдегі күрделі дауларға дайын еместігін де көрсетіп отыр.
Жалпы шетелдік компаниялар заңсыз иеленіп
отырған 16,5 млрд доллар - 8,6 триллион тг, айыпақыдан ала алмай отырған 5,1
млрд доллар - 2,3 трлн тг, бәрі 11 триллион теңге - біздің елдің бір жылдық
бюджет кірісінің жартысынан асып кететін алапат қаржы ғой?!.
«Ақ жол» демократиялық партиясы мұндай
ахуалмен келісуге болмайды және осы бағыттағы жұмысты күшейту қажет деп
санайды.
7.Біріншіден, мұндай айыппұлдарды теңгемен
белгілеу – біздің мемлекет үшін зиянды, ал шетелдік компаниялар үшін тиімді
тәжірибе болып отыр. Мұнай экспорттаушылардың табысы доллармен есептеліп, ал
айыппұлдарды теңгемен белгілеу даулардың қаралуы барысында олардың
құнсыздануына әкеп соғады.
Екіншіден, шетелдік корпорациялар ішкі
нарыққа мұнай жеткізбейді, жанар-жағармай бағасын тежеуге ықпал етпейді, бірақ
сонымен қатар, ұлттық байлығымыздан шамадан тыс пайда көруде.
Үшіншіден, мемлекеттік органдардың талап-арыздарды ұзақ уақыт дайындауы және сот талқылауларының созылуы да, шетелдік корпорациялардың мүддесіне жұмыс істеп, тіпті арбитражда жеңіске жеткен жағдайда да, талаптар сомасының төмендеуіне әкеледі.
Бұл ретте мынаны ескерген жөн:
1. Экология – мемлекеттің егемен құқығы
болып табылады (police powers доктринасы);
2. Экологиялық залал, жалғасып жатқан
құқық бұзушылық сипат алған;
3. Күкіртті сақтау көлемі объективті түрде
асырылған;
4. Өнімді бөлу туралы келісімдер, инвесторларды экологиялық заңнаманы сақтаудан босатпайды.
Осындай салмақты дәлелдер бола тұра, халықаралық соттан ұтылу - біздің өкілдеріміздің кәсіби дайындық деңгейіне қатысты сұрақтар туындатады.
«Ақ жол» фракциясы аталған бұзушылықтарға жол берген шетелдік инвесторларды жауапқа тарту жөніндегі Үкіметтің іс-қимылын қолдайды.
«Ақ жол» партиясы Ұлттық мүддені қорғау үшін Үкіметтен шұғыл және нақты шаралар қабылдауды талап етеді:
1. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, жер
қойнауын пайдаланушы –экспорттаушыларға арналған ірі айыппұлдарды, олардың
табысын алатын валютада есептеуді міндеттеу;
2. Шетелдік корпорациялар соттық және
бюрократиялық созбалаңдық арқылы девальвациядан пайда көретін тәжірибеге нүкте
қою;
3. Аталған даулардың халықаралық
арбитражда ұтылу себептеріне талдау жасау. Дұрыс дайындық пен ұлттық
экономикалық мүдделерді қорғау бойынша ары қарайғы әрекеттерге қорытынды жасау.
Құрметпен,
«Ақ жол» фракциясының депутаттары:
Қазыбек Иса,
Азат Перуашев,
Дания Еспаева,
Ерлан Барлыбаев,
Серік Ерубаев,
Олжас Нұралдынов