Арнайы салық режимінде жұмыс істейтін кәсіпкерлер
айналымның төмендеуі мен бизнестің жабылу қаупі туралы айтып отыр. 2026
жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша айналым 30–40%-ға дейін
азайған. Бұл мәселені Қарағандыдағы бизнеспен кездесуде депутат Азат
Перуашев көтерді.
Оның сөзінше, кәсіпкерлер жағдайдың соңы кейбір
компаниялардың жабылуына әкелуі мүмкін екенін айтуда.
«Бизнес өкілдері билік айтып жүрген салық түсімдерінің
өсуі жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар санының қысқаруы есебінен болып жатыр
дейді. Яғни өсім көптеген жеке кәсіпкерлердің жабылуы мен жұмыссыздықтың артуы
арқылы қамтамасыз етілуде», – дейді депутат.
Кәсіпкерлердің болжамынша, бұл тек бастамасы ғана.
Жылдың екінші жартысында жағдай одан әрі нашарлауы мүмкін. Компаниялар салық,
шығындар мен жалақыны көтере алмау қаупіне тап болып отыр.
Депутаттың айтуынша, егізгі проблемалар:
- ҚҚС және компаниялар арасындағы шегерімдерге қойылған
шектеулер;
- Еңбекақы қорына жоғары жүктеме;
- Салық жүйелеріндегі ақаулар;
- Операциялар мен жеткізілімдердің бұғатталуы.
Кәсіпкерлердің айтуынша, цифрлық жүйелердегі ақаулар
салдарынан тауарлар виртуалды қоймаларда көрінбей қалады. Соның нәтижесінде
жеткізілімдер тоқтап, бизнес тоқырауға ұшырайды. Сондай-ақ деректердің жойылып
кетуі және қайта енгізу қажеттілігі бухгалтерияға түсетін жүктемені арттырады.
Бұдан бөлек, электрондық шот-фактуралар жүйесіндегі
ақауларға байланысты есеп айырысулар тоқтап, өсімпұлдар есептеліп жатыр.
Кәсіпкерлердің сөзінше, мұндай ақаулар үшін ешкім
жауапкершілік алмайды.
Осы жағдай аясында бизнес мынадай ұсыныстар айтуда:
- ҚҚС бойынша шекті деңгейді көтеру;
- Міндетті төлемдерді біріктіру;
- Жалақыға түсетін жүктемені азайту;
- Коммуналдық қызметтер мен әлеуметтік маңызы бар
тауарларды ҚҚС-тан босату.
Негізгі сын – бюрократияның артуы. Кәсіпкерлер қазіргі
өзгерістер салық жүйесін жеңілдету мақсатына қайшы келеді деп санайды.