20
Ақпан

«ҚТЖ – Жүк тасымалы» АҚ еңбек ұжымымен Азат Перуашевтің диалогы: реформалар, референдум және көлік саласының дамуы туралы

19 ақпанда өз жұмысы аясында «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» Жалпыұлттық коалициясының Өңірлік штабы «Қазақстан темір жолы – Жүк тасымалы» АҚ еңбек ұжымымен кездесу өткізді. «Ақ жол» партиясынан аталған кездесуге «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев, сондай-ақ партияның Қарағанды облыстық филиалының депутаттары мен белсенділері қатысты. 

Іс-шара барысында Коалиция мүшелері Жаңа Конституция жобасының негізгі жаңалықтары туралы айтып, 2026 жылғы 15 наурызда өтетін жалпыхалықтық референдум жөнінде ақпарат берді және еңбек ұжымын дауыс беруге белсенді қатысуға шақырды. Сонымен қатар, қызметкерлерді толғандырған барлық сұрақтарға жан-жақты жауаптар берілді. 

Азат Перуашев облыс тұрғындарының белсенді азаматтық ұстанымын және олардың Мемлекет басшысының реформалары мен саясатын дәйекті түрде қолдайтынын ерекше атап өтті. Жаңа Конституция жобасында әрбір азамат өзіне маңызды мәселелерге жауап таба алатыны айтылды. Кездесу ашық диалог форматында өтті. Бұл маңызды қоғамдық-саяси мәселелерді талқылауға және «Қазақстан темір жолы – Жүк тасымалы» АҚ еңбек ұжымынан кері байланыс алуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар, жиын барысында көлік-логистика саласын дамыту, инфрақұрылымды жаңғырту және жүк тасымалының тиімділігін арттыру мәселелері де кеңінен талқыланды.