04
Ақпан

ТӘУЕЛСІЗДІКТІ АЛУ ҚАНДАЙ ҚИЫН БОЛСА, САҚТАП ҚАЛУ ОДАН ДА ҚИЫН! – Қазыбек Иса

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында Қазақстан Республикасының жаңа Ата Заңының жобасы талқыланды. Біз Мәжіліс депутаты, «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары Қазыбек Исаның сөзін жариялап отырмыз. 

«Ақ жол» демократиялық партиясының Жаңа Конституция жобасына ұсынған ұсыныстарының көбісі іске асуда.  


1. Ұлы Абай «Қандай істің қалай аяқталатыны оның бастауынан байқалады» дейді.

Ата Заңымыздағы: «Байырғы қазақ жерінде мемлекеттілікті нығайта отырып, Ұлы Даланың мыңжылдық тарихының сабақтастығын сақтап, мемлекеттің унитарлы сипатын, оның шекарасы мен аумағының тұтастығына қол сұғуға болмайтынын нақтылап, Әділетті Қазақстан идеясын және Заң мен Тәртіп қағидатын ұстанып, азаматтардың құқықтары мен бостандықтары мүлтіксіз сақталатынын мәлімдеп,» - деп басталатын көзімізге оттай басылған Ұлы Дала ұғымы мен байырғы қасиетті қазақ жері атауы басқағидат ретінде шегеленіп жазылғаны көңілге көп үміт ұялатады. 


2. Яғни, қазіргі қолданыстағы кеңестік дәуірдің иісі кетпеген конституциямыз 1991 жылдан бері басталса, жат тілде емес, жатық тілде қазақы жазылған жаңа Ата заң Ұлы Дала елінің мыңжылдық тарихынан тамыр тартып тұр.

Қасиетті Тәуелсіздікті қорғау ұғымы мызғымас тасқа қашалғандай таңбаланған. 


3. Конституцияның жаңа мәтінінің басты ерекшелігі – адам құқықтарының басты орынға шығуы. 3-бапта Қазақстан Республикасы қызметінің негіз құраушы қағидаттары: Егемендік пен Тәуелсіздікті қорғау; адам құқықтары мен бостандықтарын сақтау; заң мен тәртіп үстемдігін қамтамасыз ету; жалпыұлттық бірлікті бекемдеу; халықтың әл-ауқатын арттыру; отаншылдық идеясын орнықтыру; қоғамдық диалогты дамыту; тарихи-мәдени мұраны сақтау; төл мәдениетті қолдау тайға таңба басқандай жазулы. Халықты бірлікке ұйыстыратын Бірегей ұлт саясаты да анық айқындалған. 


4. Ата заңның негізгі ерекшеліктерін атасақ, Бір палаталы парламент құруды бүкіл еліміз бірауыздан қолдап отыр. Бұл «Ақ жол» партиясының талай жылдан бері көтеріп келе жатқан мәселесі. Пропорционалды сайлау жүйесі алдымен ұлттық қауіпсіздік мәселелері тұрғысынан маңызды. Дамыған елдердегі белгілі партиялар мемлекет тұрақтылығының негізі. Партиялар халық сеніміне ие болуы тиіс. Ол үшін не істеу керек? халық мүддесін, мемлекет пен ұлт мүддесін қорғауда қарқынды қайрат көрсетуі қажет. 


5. Тарихи тамыр тартқан Құрылтай атауы – қазақтарда мемлекет болмаған дейтіндерге Ұлы даланың рухы мен Алтын Орданың айбарын еске салады. 


6. Қазақ үшін қасиетті саналатын ақ неке де Ата заңға айшықталып жазылған. «Неке – еркек пен әйелдің мемлекет заңға сәйкес тіркеген ерікті және тең құқықты одағы.» Бұл парламент талай көтерген ұлттық ұғымымызды аттап, дәстүрімізді таптап жүретін біржыныстылардың жат қылықтарына заңмен қатаң тыйым салынады деген сөз. 


7. Ал жаңа Конституциядағы Ұлттық заңдардың халықаралық шарттардан жоғары тұруы — бұл бұрын болмаған, ел үшін ерекше маңызды заң!

Бұл - халықаралық міндеттемелерден бас тарту емес, оларды ұлттық мүдде сүзгісі арқылы іске асыру. Көптеген мемлекеттерде халықаралық шарттар автоматты түрде емес, ұлттық Конституцияға сәйкестігі тексерілгеннен кейін ғана қолданылады. Бұл - құқықтық егемендік, нақты басқару тетігі. Ұлттық заңдардың үстемдігі мемлекеттің өз даму моделін өзі таңдауына жол ашады; сыртқы нормалардың ішкі ерекшеліктерді елемей енгізілуінен қорғайды. Бұл қорғаныс механизмі — құқықтық сананың дербестігін көрсетеді. 

Дамыған елдердің тәжірибесі осыны растайды. Жұрт үлгі тұтатын Америка Құрама Штаттарында, Германияда, Францияда халықаралық келісімдер Конституцияға қайшы келсе, қайта қаралады немесе орындалмайды. 

Енді осы бап арқылы ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың 2022 жылы айтқан «Осыдан отыз жыл бұрынғы халықаралық шарттарды қайта қарау керек» деген бастамасы іске асуы керек. Ескі билік үшін зор болған, халық үшін қор болған мұнай келісімдерінде кеткен есемізді, жатқа кетіп жатқан ел қазынасын қайтаратын кез келді деп санаймыз. Бұл мәселені «Ақ жол» партиясы талайдан бері көтеріп келеді.

Яғни, Ұлттық заңдардың халықаралық келісім-шарттардан жоғары тұруын бекіту біздің мемлекетті құқықтық егемендігі бар, ұлттық мүддесін қорғай алатын мемлекет ретінде нығайтады. Сондықтан бұл норма – уақыт талабына сай, стратегиялық тұрғыдан күшті шешім. 

 

8. Осы парламентте, қазақ тілі үшін менен артық күрескен ешкім жоқ шығар... Парламентте Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау жайлы депутаттық сауал жасағанымда бір ауыз қолдау жасай алмай, қайта қазақ тіліне қарсы шыққандар қазір аяқ астынан тіл жайлы «ақыл» айтқыштарға айналыпты...

Қазір парламент 90 пайыз қазақша сөйлейді, құдайға шүкір. Өзге этнос өкілдері, әріптестеріміз де бізбен жарысып, мемлекеттік тілде сөйлеп отыр. 


9. 2024 жылы талай көтеріп жүріп, Заңға «Қазақстан Азаматтығын алу үшін Мемлекеттік тілден емтихан тапсыру керек» деген бапты енгіздік. Бұл елімізге сырттан ешкім еркін кіре бермейді деген сөз. Мемлекеттік қызметке тұру үшін мемлекеттік тілді білу керек, тест тапсырылады! Осы тест тапсыру жүйесін қайта қарап, қатаңдатып, толықтыру керек.

Яғни, «Ақ жол» партиясы көтерген маңызды мәселелер ерте ме, кеш пе, іске асып келеді. Біз бұндай жақсы үдерістерге қарап отырып, көп мәселе өзімізге де байланысты екеніне көз жеткіздік. 


10. Менің Парламентте Мемлекеттік тіл заңнамасын жетілдіруді бірнеше рет ұсынғанымды жақсы білесіздер. Бұл өте маңызды мәселе! Сондықтан да, Мемлекеттік тіл заңнамасын жетілдіру қажет екенін осы мінберден тағы да қайталап айтамын.   

    

11. Қазіргі геосаяси ахуалдың күрделігі сондай, бүгінгі әлемде тіл мәселесі қауіпсіздік факторы болып тұр... Ішкі саясаттан шығып, геосаяси құрал мен ықпалға айналды. Сондықтан, өкінішке орай, тілге қатысты кез келген қатаң шешім сыртқы күштерге ақпараттық және саяси манипуляция жасауға дайын аргумент болмақ. Тіл мәселесінің байыптылығы тұрақтылықты сақтайтын механизм қызметін атқаруда. Тәуелсіздікті алу қандай қиын болса, сақтап қалу одан да қиын» дейді данышпандар. Ал қай ел болса да, Тәуелсіздіктен артық ешнәрсе жоқ! Сондықтан, бұл мәселеге біз байсалды байыппен, салмақты сабырмен қарауымыз керек. 


Қорыта айтарымыз, Мемлекеттік тіліміз ұлтымызды ұйыстыратын мәртебесі айқын тілге айналуы қажет! 

Тәуелсіз Елдің тағдыры Сіз бен біздің қолымызда!

Жаңа заман талабына сай жаңа Конституция жобасын қолдаймыз!

 

Құрметпен, «Ақ жол» фракциясы мүшелері