02
Қазан

SOS жағдай

«Ақ жол» демпартиясы ашық талқылауға шығарылған «Оңайлатылған декларация негізінде арнайы салық режимін қолдануға тыйым салынатын қызмет түрлерінің тізімін бекіту» туралы қаулы жобасына қатысты Үкіметке өз ұстанымын жолдады.

Белгілі болғандай, «Ақ жол» фракциясы Мәжілісте жаңа Салық кодексіне екі оқылымда да және Сенат енгізген түзетулер бойынша да ҚАРСЫ дауыс берген болатын. Мұндай ұстанымның негізгі себептерінің бірі – Арнайы салық режимін (АСР) қолдануға тыйым салынатын нақты қызмет түрлерінің (ЭҚҚЖ) тізімін Кодекстен алып тастап, Үкімет құзыретіне беру шешімі еді. Қазіргі таңда біздің алаңдаушылығымыздың орынды болғаны анықталды: егер жаңа Салық кодексінің бастапқы редакциясында АСР-ді 44 қызмет түріне қолдануға тыйым салу ұсынылса, 26 қыркүйекте жарияланған жобада бірден 1111 ЭҚҚЖ-нің 795-і АСР қолдану аясынан шығарылуда.  

Бұл бұрынғыдан шамамен 20 есе көп қана емес, сонымен қатар шағын және орта бизнес субъектілерінің (ШОБ) 70 пайыздан астамына ең сұранысқа ие салық режимін қолдануға тыйым салу деген сөз.

Осылайша, либералды нарықтық экономиканың «тыйым салынбағанның бәріне рұқсат етіледі» деген негізгі қағидасы бұзылады. Нәтижесінде АСР қолдануға төрт бағыттың үшеуіне тыйым салынып, салық жүктемесі 3–5 есеге өседі. Бұл көптеген кәсіпкерлерді үш таңдау алдында қалдырады: нөлдік рентабельділікпен жұмыс істеу, бизнесін жабу немесе көлеңкелі экономикаға өтіп, жемқор «тексерушілердің» қысымына түсу.  

«Ақ жол» Демократиялық партиясы мұндай тәсілге түбегейлі қарсы. Ол кәсіпкерлердің заңды мүдделерін шектеп, жаппай бизнестің дамуына артық кедергілер жасайды. Шараны әзірлеушілер шағын және орта бизнестің халықты жұмыспен қамтудағы және экономикалық белсенділікті арттырудағы рөлін мүлде ескермеуде.  

Сонымен қатар, Кодекс шеңберінде қабылданған B&B мәмілелері бойынша АСР қолдануға тыйым салу ШОБ айналымының едәуір бөлігін ҚҚС саласына шығарып отыр. Бұл өздігінен ШОБ-қа қосымша фискалдық ауыртпалық әкеледі. Біз АСР қолдануды тек айналым көлемімен шектеу қажет деп санаймыз. Ал қызмет түрлері бойынша жалпы тыйым енгізудің қажеті жоқ, тек акциздік тауарлар, қаржылық қызметтер және жер қойнауын пайдалану ерекшелік болуы тиіс.  

Әсіресе, кәсіпкерлердің өндірістік қызметін АСР аясынан шығару бастамасы үлкен алаңдаушылық туғызады. Бұл Мемлекет басшысының соңғы Жолдауындағы ұстанымға қайшы келеді. Жолдауда: «Екі миллионнан астам шағын бизнес субъектілерінің небәрі 6 пайызы ғана өндіріс саласында жұмыс істейді. Ал дәл осы саланы жүйелі түрде дамытусыз экономикалық серпіліске де, халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға да қол жеткізу мүмкін емес», – деп атап көрсетілген. Өндірістік қызметті АСР қолдану аясынан шығару – Үкіметтің отандық өндірісті дамытуға басымдық бермейтінін және шағын бизнестің өндіріс саласына баруын ынталандырмайтынын білдіреді. Біз мұндай сигналды мүлде орынсыз деп есептейміз.  

Салықтар – тек бюджетті толықтырудың емес, сонымен бірге бизнесті реттеу мен ынталандырудың құралы. Бюджетті толықтыру – ірі және аса ірі бизнестің басты функциясы. Ал ШОБ-тың негізгі рөлі басқа: халықты жұмыспен қамту, жалақы төлеу, экономиканың бос орындарын толтыру және азаматтарға өз қабілеттерін жүзеге асыруға мүмкіндік беру. ШОБ үшін салықтар – басты мақсат емес, қаржылық тәртіп факторы.  

Тізім жарияланар алдында Премьер-Министрдің орынбасары С. Жұманғарин түпкілікті шешім ашық түрде, қоғамдық талқылау негізінде қабылданатынын мәлімдеді. Бұл белгілі бір үміт тудырады. Біз Үкіметтің ақылға қонымды шешім қабылдап, отандық ШОБ-қа маңызды қолдау көрсететініне сенеміз.  

Осыған байланысты, «Ақ жол» Демократиялық партиясының парламенттік фракциясы келесі ұсыныстарды білдіреді:

1) ЭҚҚЖ бойынша тыйым салынған тізімді жойып, акциздік тауарлар, жер қойнауын пайдалану және қаржылық қызметтерден басқа барлық шағын бизнес түрлеріне АСР қолдану құқығын қамтамасыз ету;  

2) Шағын және орта бизнестің өндірістік қызметі үшін АСР қолдану мүмкіндігін бірінші кезекте қамтамасыз ету.

Құрметпен, «Ақ жол» фракциясының депутаттары  

А. Перуашев

Д. Еспаева

Е. Барлыбаев

Қ. Иса

С. Ерубаев

О. Нуралдинов