05
Қантар

Серік Ерубаев Атыраудағы №3 қалалық емхананың қызметімен танысты

2026 жылдың 5 қаңтарыңда түстен кейін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ақ жол» партиясы фракциясының мүшесі Серік Сәрсенұлы жұмыс сапары аясында Атырау қаласындағы №3 қалалық емханаға барып, медициналық мекеменің қызметімен танысты. Сапар барысында ол емхананың негізгі бөлімшелерін аралап, көрсетілетін медициналық қызметтің сапасына, материалдық-техникалық базаның жай-күйіне және жұмыс үдерісінің ұйымдастырылуына назар аударды.

Кездесу кезінде депутат медицина қызметкерлерімен жүздесіп, олардың күнделікті жұмысы, еңбек жағдайы және саладағы өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты. Медицина мамандары жаңа ғимарат құрылысының тезірек басталуын,жалақы деңгейі, кадр тапшылығы, жұмыс жүктемесінің артуы, сондай-ақ МӘМС аясында мүгедек балаларды седация арқылы емдеуді енгізу мәселелерін көтерді.

Осы орайда «Ақ жол» демократиялық партиясы облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Е. Юсупов емхана құрылысына қаржы облыстық бюджеттен бөлінетінін атап өтіп, нысанның жобалық-сметалық құжаттамасы дайын болған жағдайда өз тарапынан қолдау көрсетілетінін жеткізді.

Мәжіліс депутаты көтерілген мәселелердің маңыздылығын атап өтіп, медицина қызметкерлерін әлеуметтік қолдау мен олардың еңбек жағдайын жақсарту мемлекет үшін басым бағыттардың бірі екенін айтты. Айтылған ұсыныстар мен мәселелер тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп қарастырылатын болады.

Жұмыс сапары денсаулық сақтау саласындағы ахуалды зерделеуге және медициналық қызмет сапасын арттыруға бағытталған нақты ұсыныстар әзірлеуге негіз болатыны анық.