Қазақстан Республикасы Президентінің Құрылтай сайлауын өткізу туралы Жарлығына сәйкес елімізде жаңа саяси кезең басталды. Осыған орай өңірлерде «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясының кезектен тыс конференциялары өткізілуде.
Бүгін Шымкент қаласында «Ақ жол» ҚДП қалалық филиалының кезектен тыс конференциясы өтіп, онда филиал төрағасын сайлау және партияның ХХІІІ съезіне қатысатын делегаттарды бекіту мәселелері қаралды.
Конференцияға «Ақ жол» ҚДП төрағасының орынбасары, ҚР Парламенті Мәжілісінің VII, VIII шақырылым депутаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қазыбек Жарылқасынұлы Иса қатысып, жиын жұмысына төрағалық етті. Сондай-ақ президиум құрамында Шымкент қалалық филиалы төрағасының орынбасары Адай Кенжебайұлы Шуханов болды.
Жиынға партия белсенділері, қалалық мәслихат депутаттары, филиал кеңесінің мүшелері және конференция делегаттары қатысты.
Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша филиал төрағасы Батырбек Мырзакелдіұлы Әшірбаевтың өз өтініші негізінде қызметінен босату туралы мәселе қаралды. Филиал төрағасының орынбасары Адай Шуханов 2024 жылғы 20 сәуірден бері атқарылған жұмыстар бойынша есеп беріп, есепті кезеңдегі негізгі нәтижелерге тоқталды.
Одан кейін партия төрағасының орынбасары Қазыбек Иса Шымкент қалалық филиалының төрағалығына Мұхтар Асқарұлы Шимировтың кандидатурасын ұсынды. Жарыссөз барысында партия белсендісі Бақдаулет Мәлімов ұсынылған кандидаттың кәсіби біліктілігі мен ұйымдастырушылық қабілетіне тоқталып, оны қолдайтынын жеткізді.
Ашық дауыс беру қорытындысы бойынша конференция делегаттары Мұхтар Асқарұлы Шимировты бірауыздан «Ақ жол» ҚДП Шымкент қалалық филиалының төрағасы етіп сайлады.
Өз сөзінде Мұхтар Шимиров өзіне сенім білдірген партия басшылығы мен делегаттарға алғыс айтып, филиал жұмысын жаңа деңгейге көтеру және партияның бағдарламалық мақсат-міндеттерін жүзеге асыру бағытында аянбай еңбек ететінін айтты.
Одан кейін күн тәртібіндегі екінші мәселе
қаралып, 2026 жылғы 5 шілдеде Астана қаласында өтетін «Ақ жол» Қазақстан
демократиялық партиясының ХХІІІ съезіне Шымкент қаласы атынан қатысатын
делегаттар құрамы ашық дауыс беру арқылы бірауыздан бекітілді.
Шымкент қаласы атынан ХХІІІ съезге
қатысатын делегаттар:
1. Қазыбек Жарылқасынұлы Иса;
2. Исламбек Тулебаев;
3. Мұхтар Шимиров;
4. Дулат Қуашбаев;
5. Мұрат Шапалаев;
6. Бақдаулет Мәлімов;
7. Адай Шуханов;
8. Аяулым Леспаева.
Конференция соңында сөйлеген Қазыбек Иса
жаңадан сайланған филиал төрағасы Мұхтар Шимировты құттықтап, алдағы жұмысына
сәттілік тіледі.
«Ақ жол» партиясының ең қарт және ең
белсенді мүшесі Мәмбет Құрманбаев та өз жүрек жарды тілегін жеткізді.

.jpeg)

.jpeg)
.jpeg)
