30
Наурыз

Қостанайда депутаттар заңсыз қоқыс тарифін жойды

Қостанай облыстық соты Қостанай қаласында тұрмыстық қатты қалдықтарды (ТҚҚ) шығару тарифін заңсыз деп таныды. Нәтижесінде, қалада қоқысқа белгіленген жоғары тариф жойылды.

Бұл шешім «Ақ жол» ҚДП Қостанай қалалық мәслихатының депутаты Меруерт Жабаева мен облыстық мәслихат депутаты Александра Сергазинованың бастамасымен қабылданды. Депутаттар тұрғындардың мүддесін белсенді қорғап, тарифтің қолданыстағы әдістемеге сай есептелмегенін дәлелдеді.

Аталған тариф 2025 жылдың басынан бастап күшіне еніп, өткен жылмен салыстырғанда 53%-ға өскен болатын. Оны «Аманат» партиясының өкілдері қолдаса, «Ақ жол» демпартиясы және «Ауыл» партиялары қарсы дауыс берген.

Депутаттар прокуратураға жүгініп, олардың уәждері қолдау тапты. Прокуратура мәслихат шешіміне наразылық білдіріп, істі сотқа жеткізді.

Сот барысында тарифті бекіту кезінде Экология министрлігінің әдістемесі өрескел бұзылғаны анықталды. Атап айтқанда, тариф құрамына тұрғындар төлеуге міндетті емес шығындар енгізілген: сақтандыру, мүлік салығы, нотариалдық қызметтер, тіпті жаңа контейнерлер сатып алу шығындары да есепке алынған.

Сот бұл заңбұзушылықтарды негізге ала отырып, тарифті заңсыз деп таныды. Осылайша, Қостанайда қоқысқа қатысты негізсіз көтерілген төлем жойылып, тұрғындардың құқықтары қорғалды.