06
Қантар

Мәжіліс депутаты Серік Ерубаев «РауанНТех» ЖШС қызметкерлерімен кездесті

   2026 жылғы 8 қаңтарда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Серік Сәрсенұлы Ерубаев «РауанНТех» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мәжіліс залында компания қызметкерлерімен кездесу өткізді.

    Кездесуге «Ақ жол» ҚДП Атырау облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Ермекқали Толепқалиұлы Юсупов, сондай-ақ «РауанНТех» ЖШС бас директоры, Атырау қалалық мәслихатының депутаты Бауыржан Өтепқалиұлы Ажғалиев қатысты. Жиынға компанияның 61 қызметкері жиналды.

    Кездесу барысында компания қызметіне және қызметкерлердің әлеуметтік-экономикалық жағдайына әсер ететін бірқатар мәселелер қаралды. Атап айтқанда:

·      2026 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізілген Кәсіпкерлер тізіліміндегі техникалық сәйкессіздіктер және индустриялық сертификат пен СТ-KZ сертификаттарын 6 айға өтпелі кезең ретінде ұзарту қажеттілігі;

·      мемлекеттік сатып алулардағы тең мүмкіндіктер, нақты өндірісі бар отандық кәсіпорындарға басымдық беру;

·      әскери комиссариаттарға шақыру және жиындардың тәртібі мен мерзімдерінің түсініксіздігі;

·      салық әкімшілендіруіндегі ашық еместіктер, контрагенттерді тәуекел деңгейі бойынша санаттау тетігі;

·      «жасырын хаттамалар», мәмілелердің шын мәнінде жүзеге асырылмаған деп танылуы және ҚҚС төлеуші емес жеке кәсіпкерлермен жұмыс істеу шектеулері;

·      тендерлерде еңбекақы қорын жанама критерий ретінде ескеру;

·      инженерлік инфрақұрылым орналасқан жер учаскелерін қайта рәсімдеудегі шығындарды азайту немесе ұзақ мерзімді жалға беру мүмкіндігі;

·      саяжай мақсатындағы жер телімдерін жеке тұрғын үй құрылысы санатына ауыстыру.

Кездесу қорытындысы бойынша «Ақ жол» партиясының өкілдері көтерілген мәселелерді назарға алып, оларды өз құзыреті мен заңнамалық бастамалары аясында қарастыруға дайын екендерін білдірді.

Кездесуден кейін Мәжіліс депутаты Серік Ерубаев өндіріс нысандарын аралап, компанияның өндірістік процестерімен танысты.

   «РауанНТех» ЖШС 2006 жылы «Nalco» (АҚШ) және «РауанМұнайХим» ЖШС-мен бірлесіп құрылған, 2023 жылы атауы өзгертілген. Компания мұнай-газ және мұнай-химия саласына арналған химиялық реагенттер өндіреді және кен орындарында реагенттерді айдау қызметтерін көрсетеді. Өнім ассортиментіне деэмульгаторлар, коррозия және тұнба түзілуіне қарсы ингибиторлар, бактерицидтер, беттік-белсенді заттар және басқа да реагенттер кіреді.