17
Ақпан

Азат Перуашев Жалпыұлттық коалиция құрамында Жамбыл облысына барды

https://t.me/peruash/15154

Кеше Жаңа Конституцияны қолдау жөніндегі жалпыұлттық коалиция құрамында, коалиция төрағасы, Мәжіліс спикері — Ерлан Қошановтың басшылығымен Жамбыл облысында жұмыс істедік.

Алғашқы кездесу «Көне-Тараз» кешенінде өтті. Оған барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары, қоғам қайраткерлері, өңірдің белгілі әрі беделді азаматтары қатысты.

Аталмыш жиында сөз сөйлеп, «Ақ жол» демократиялық партиясы өзінің қандай қағидаттары мен тәжірибесіне сүйене отырып, не себепті Жаңа Конституцияны қолдауды қажет деп санайтынын айтып, бірқатар себептерге байланысты уәждерімізді баяндадым. Атап айтқанда, Жаңа Конституциядағы көптеген жаңашыл новеллалар қоғамда бұрыннан талқыланып келе жатыр, мысалы, бірпалаталы парламентке көшу мәселесін біз ресми түрде 2017 жылдың өзінде-ақ көтерген болатынбыз. Сол кезде билік бұл бастаманы қолдамағанымен, біз өз ұстанымымыздан айнымадық.

Сонымен қатар, Конституциялық комиссия құрамындағы жұмыс барысында, өз сөздерімде бірнеше рет Конституцияның нарықтық экономиканы қалыптастыруға қатысты, соның ішінде меншік түрлері сияқты базалық мәселелер жөніндегі ережелерін заман талабына сай жаңарту қажеттігін дәлелдеуіме тура келді. Конституциялық комиссия мүшелерінің қолдауымен Қазақстанда мемлекет БАРЛЫҚ меншік түрлерін танып, кепілдік беріп және ТЕҢ дәрежеде қорғауы тиіс деген ұсынысымыз Жаңа Конституция жобасына енгізілді. Бұл — біздің оны қолдауымыздың маңызды себептерінің бірі. 

Тағы да көптеген себептерді атауға болар еді, алайда уақыттың шектеулі болуына байланысты Жаңа Конституция шын мәнінде Қазақстанның жаңа дәуірге қадам басып жатқанын білдіретінін, сыртқы сын-қатерлерді, жаңа технологиялық дәуірді ескерсек, ұлтымыздың алдында табысты болашақтың жолы ашылатынын атап өттім.

 

Одан кейін университет студенттерімен, химия саласындағы ірі кәсіпорындардың бірі — «Қазфосфат» компаниясының еңбек ұжымымен кездестік. Кәсіпорын қызметкерлерімен әңгімелесу барысында экономиканың дамуы тек табиғи ресурстардың болуына ғана емес, заманауи технологияларды қолдануға да байланысты екенін атап өттім.

Әлемде инновациялардың қарқынды өсуі байқалады, сарапшылардың айтуынша, жыл сайын мыңдаған жаңа өнім, тауар мен қызмет түрлері пайда болуда, ал, мемлекеттік органдар оларды реттеу нормаларын әзірлеп үлгермейді.

Сонымен қатар, бір жаңа өнімге арналған реттеу шараларын әзірлеу үш жылдан бес жылға дейін уақыт кетуі мүмкін. Осы уақыт ішінде өнім едәуір жетілдіріледі, ал егер оны тәжірибеде енгізіп, сынақтан өткізуді бастамаса, технологиялық дамуда айтарлықтай артта қалу қаупі бар. Сондықтан Конституцияда жедел дамитын қалалар үшін ерекше режим беру туралы норма ұсынылған. Мәселе АХҚО – «Астана» халықаралық қаржы орталығы, сондай-ақ Alatau City жайында болып отыр. Болашақта жаңа технологияларды, инфрақұрылым мен сервистердің жаңа түрлерін реттеуде экстерриториалдық қағидат қолданылатын мұндай өзге де қалалардың пайда болуы мүмкін.

Осыған байланысты, әсіресе Alatau City жобасына үлкен үміт артамыз. Өз тәжірибесінде заманауи технологиялар мен жабдықтардың маңызын жақсы білетін «Қазфосфат» қызметкерлері Жаңа Конституциядағы мұндай тәсілдер елімізде ең озық әзірлемелерді жедел енгізуге және қолдануға өзекті алаң қалыптастыратынын түсінуі тиіс.

Сондай-ақ Жамбыл ауданындағы Аса ауылында өткен коалиция мүшелерінің «Қарызсыз қоғам» қоғамдық қозғалысымен кездесуіне қатыстым. Онда адамдар, әсіресе әйелдер, өз тәжірибелері арқылы адал емес қаржы құрылымдары мен алаяқтардың кесірінен қарыздық тәуелділікке қалай түскендерін, түрлі қиындықтардан өтіп, осы бағдарлама аясында төлем қабілеттілігін қалпына келтіріп, өміріндегі тепе-теңдікті қайта орнатқандарын айтып берді. 

Бұл бағдарламаның Amanat партиясы тарапынан әзірленіп, жүзеге асырылып жатқанын атап өту керек. Мәжілістегі әріптестерімізге азаматтардың осы санатымен жүргізіліп жатқан ауқымды әлеуметтік жұмыстары үшін ризашылығымды білдіремін.

Жамбыл ауданының Айша бибі ауылында коалиция делегациясы медициналық бұйымдар шығаратын «Super-pharm» компаниясында болды.

Кәсіпорында әйелдер көптеп еңбек етеді, өндірістік көрсеткіштері жақсы, жаңа өнім түрлерін игеру жұмыстары жүргізілуде. Қызықты әңгіме өрбіген осы кездесулердің барлығында Жаңа Конституцияны қолдау жөніндегі уәждерін тек коалиция мүшелері айтып ғана қоймай, сонымен қатар біздің сұхбаттастарымыз — мейлі студенттер, мейлі кәсіпорын қызметкерлері болсын — бұл құжатты және ел дамуының жаңа дәуірін қолдайтындарын білдірді.

Кешкісін, «Ақ жол» Демократиялық партиясы Жамбыл облысы филиалының төрағасы Мұханбеталы Шалқарбековпен бірге филиал кеңесімен ағымдағы мәселелер бойынша жиын өткіздік.