Бүгін «Ақ жол» Демократиялық партиясының Орталық кеңсесінде жеке медициналық мекемелердің меншік иелері мен басшыларын біріктіретін Республикалық медициналық инвестициялық альянстың өкілдерін қабылдадым.
Альянс төрайымы Лейла Ишпаева МӘМС қоры қаражатын жымқыруға байланысты жанжал аясында Денсаулық сақтау министрлігінің жекеменшік медицинаны іс жүзінде жоюға ұмтылып отырғаны туралы баяндады.
Бұл жай ғана алаңдаушылық емес: кездесу барысында қатысушылар мемлекеттік органдар бекіткен «Жекеменшік денсаулық сақтау және білім беру ұйымдарын қаржыландыруды қайта қарау жөніндегі іс-шаралар жоспарын» көрсетті. Аталған құжатта мемлекеттік мекемелерге артықшылық беру тікелей көзделген, ал жекеменшік нысандар дискриминацияға ұшырап, әкімшілік қысымның күшеюіне тап болатыны анық көрсетілген.
Ал қолданыстағы Конституцияда мемлекеттік және жекеменшік меншікке тең құқық пен бірдей қорғау кепілдігі бекітілген.
Сұхбаттасушыларымыз – жекеменшік клиникалардың инвесторлары – Денсаулық
сақтау министрлігінің жоспарларына алаңдаушылық білдірді. Олардың пікірінше,
көзделген шаралар адал жұмыс істеп отырған жекеменшік медициналық мекемелердің
заңды құқықтарының шектелуіне, медициналық қызметтер нарығында тең емес
жағдайлардың қалыптасуына және жемқорлық тәуекелдеріне әкелуі мүмкін.

Атап айтқанда, бірлестік қатысушылары өз қаражаты есебінен халық жаяу барып
келе алатын қашықтықта амбулаториялар мен клиникалар салып, өңірлердегі
медициналық инфрақұрылым тапшылығын толықтырып отырғаны айтылды.
Алайда Іс-шаралар жоспары мемлекеттік органдардың медициналық қызметтерді орталықтандыруға және ірі медициналық мекемелерге басымдық беруге ұмтылысын айқын көрсетеді. Бұл халықтың ауылдар мен қалалардың шет аймақтарынан емханаларға қатынауға мәжбүр болуына, сондай-ақ онсыз да көптеген мемлекеттік клиникаларда орын алып отырған ұзын сонар кезектердің күшеюіне әкеледі.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының жекеменшік клиникалардың құқықтарын жүйелі түрде елемеуі де ерекше алаңдаушылық тудырады және т.б.
Қонақтар Парламенттегі кәсіпкерлер мен бизнестің өкілі ретінде «Ақ жол» Демократиялық партиясына жүгініп, өздерінің заңды мүдделерін қорғауға, жекеменшік медицинаны дискриминациялауға және медициналық қызметтерді мемлекеттік мекемелердің монополиялауына жол бермеуге көмек сұрады. Олар МӘМС қаражатын жымқыру тәуекелдері клиникалардың меншік түріне байланысты емес екенін, сыбайлас жемқорлыққа барғандар кез келген жағдайда жауапқа тартылуы тиіс екенін, алайда бұл жекеменшік медициналық мекемелердің денсаулық сақтау саласын дамытудағы оң рөлін жоққа шығармауы керектігін ерекше атап өтті.
«Ақ жол» Демократиялық партиясының заң қызметіне ұсынылған құжаттарды
уәкілетті мемлекеттік органдармен талқылау үшін зерделеуді тапсырдым.