30
Мамыр

Азат Перуашев кәсіпкерлік және экономика саласындағы рақымшылық мәселелері бойынша кеңес өткізді

https://t.me/peruash/16150

Жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты рақымшылық жасау туралы заң жобасы аясында «Ақ жол» фракциясы кәсіпкерлік және экономика саласындағы құқық бұзушылықтар үшін, сондай-ақ жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін сотталған азаматтарға рақымшылық жасауға қатысты өз ұсыныстарын жолдады.

Бүгін партияның орталық кеңсесінде Қаржылық мониторинг агенттігінің департамент директоры Еркебұлан Асанбаевпен және оның орынбасарымен кездесіп, экономикалық және кәсіпкерлік бағыттағы мәселелер бойынша ұстанымдарды талқыладық.

Осы санатқа жататын Қылмыстық кодекстің 38 бабының ішінде 26 бап бойынша сотталғандарға рақымшылық жасау ұсынылып отыр. Ал қалған 12 бап бойынша Қаржылық мониторинг агенттігі бұл қылмыстардың қоғамға қауіптілігі мен әлеуметтік зардабының жоғары болуына байланысты рақымшылық қолданбауды ұсынып отыр. Атап айтқанда:

-          Салдарынан жүздеген мың азамат зардап шеккен заңсыз микрокаржылық қызмет (214-1-бап);

-          Заңсыз коллекторлық қызмет (214-2-бап). Мұнда көбіне заңсыз «қарыз өндіріп алу» озбырлық пен күш көрсету әрекеттерімен қатар жүреді;

-          Жалған шот-фактуралар рәсімдеу (216-бап), яғни сыбайлас жемқорлық схемаларының құрамдас бөлігі болып табылатын «қолма-қол ақшаға айналдыру кеңселерінің» қызметі;

-          Қаржы пирамидаларын ұйымдастыру және олардың қызметіне қатысу (217 және 217-1-баптар) — мұның қоғамға қаншалықты зиян екені баршаға мәлім;

-          Қылмыстық жолмен алынған мүлікті заңдастыру (218-бап) – сыбайлас жемқорлық қылмыстарының ажырамас құрамдас бөлігі;

-          Жалған ақша жасау немесе өткізу (231-бап) – мемлекетке қарсы қылмыс деуге болады;

-          Бөтен адамның банктік шотына және төлем құралдарына заңсыз қол жеткізу (232-1-бап) – қазіргі жағдайда цифрлық технологияларды қылмыстық мақсатта пайдалану мен «дропперлік» арқылы жүзеге асырылатын, көптеген азаматтарды алдау мен олардың қаражатын иемденуге бағытталған ауқымды схемалардың элементі;

-          Мұнайды және мұнай өнімдерін заңсыз өңдеу, тасымалдау және өткізу (233-1-бап) – мұнай ұрлығының жүйелі схемаларының құрамдас бөлігі, сондай-ақ ішкі нарықтағы баға қолжетімділігіне нұқсан келтіретін жанар-жағармайды заңсыз әрі ірі көлемде экспорттау фактілеріне қатысы бар;

-          Заңсыз сыйақы алу (247-бап) – сыбайлас жемқорлық қылмыстарының бір түрі;

-          Келісім жасасуға мәжбүрлеу (248-бап) – сыбайлас жемқорлықтың немесе рейдерліктің бір көрінісі;

-          Рейдерлік (249-бап) – өзгенің бизнесін заңсыз, ал кей жағдайда күш қолдану арқылы тартып алу.

(Ескерту: кейбір баптардың атауы мен оларға берілген анықтамалар түсінуге жеңіл болу мақсатында еркін түрде берілді.)

Қылмыстық кодекстің қалған 26  «экономикалық» бабы бойынша рақымшылық жасау ұсынылып отыр. Бұл тек жазаны қысқартуды ғана емес, сонымен қатар бас бостандығынан айыру орындарынан босатуды да қамтиды.

Талқылау барысында нақты мысалдарды жан-жақты саралап, аталған мәселелер бойынша ортақ ұстанымға келдік.

Кейбір жайттарға қатысты прокуратура органдарының заң қолдану тәжірибесі жөнінде қосымша ақпарат сұрататын боламыз.

Ерекше атап өткім келетін жайт: қазіргі уақытта сөз рақымшылық туралы қабылданған заң жөнінде емес, әзірленіп жатқан заң жобасына енгізілген ұсыныстар туралы болып отыр. Заң жобасы бойынша жұмыс жалғасуда.

Мәселені ашық талқылауға дайын болып, кәсіби тұрғыдан сапалы әзірлік жасағаны үшін Қаржылық мониторинг агенттігіне алғысымды білдіремін.