Павлодарлық пабликтер «Қауіпсіз қала» жобасы бойынша
тапсырыс беруші болған облыстық цифрлық технологиялар басқармасының бұрынғы
басшысы және мердігер ЖШС өкілінің ұсталып, оларға пара алу/беру дерегі бойынша
айып тағылғаны туралы хабарлауда (https://t.me/kerekpv/27577). Одан бөлек, аталған
жоба аясында орнатылған бейнекамералар «шарт талаптары мен техникалық
сипаттамаға сәйкес келмеуіне байланысты» демонтаждалып жатқаны айтылуда (https://t.me/kerekpv/27926).
Еске сала кетейін, 2025 жыл бойы Мәжілістегі «Ақ жол»
фракциясының депутаттары Үкіметке Павлодардағы осы бағдарламаның негізсіз
қымбат бағалануы (8,5 млрд теңге!) және жергілікті мемлекеттік органдардың осы
жоба аясында сатып алынған жабдықтар мен бағдарламалық қамтамасыз етудің
техникалық сипаттамасын ашудан бас тартуы жөнінде бірқатар депутаттық сауалдар
жолдаған болатын.
«Ақ жол» фракциясының депутаттық сауалдары мен олардың
төңірегіндегі талқылауларды мына сілтемелер арқылы көре аласыздар:
14 мамыр 2025 ж. (https://t.me/peruash/13218),
16 мамыр 2025 ж. (https://t.me/peruash/13231),
17 қыркүйек 2025 ж. (https://t.me/peruash/13984),
26 қараша 2025 ж.(https://t.me/peruash/14513).
Алайда мұндай ІТ-жобалардағы бағаның шектен тыс
өсірілуі мен сапаның бақылаусыз қалуы тек осы өңірге ғана тән деп ойлаудың
қажеті жоқ. Мәселенің өзектілігі мен кейбір шенеуніктердің немкетті
әрекеттерінің белең алғаны соншалық, бұған биылғы 10 ақпанда өткен Үкімет
отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі тікелей назар аударған болатын:
«бұрын барлық ведомстволар цифрландырумен бірыңғай бақылаусыз, әрқайсысы өз
бетінше айналысты, бұл техникалық мәселелермен қатар, мемлекеттік қаражаттың
орынсыз жұмсалуына әкелді».
Сол отырыс аясында Мемлекет басшысы барлық мемлекеттік
органдардың ІТ-бағдарламаларын бірыңғай цифрлық платформаға көшіруді тапсырды.
Бұл олардың негізгі техникалық талаптарға сәйкестігін бақылауға және енгізу мен
пайдалануға жұмсалған қаражатты салыстыруға мүмкіндік береді. Сондықтан
Президент тапсырмаларын орындау барысында өзге де заңбұзушылықтар анықталып,
әшкереленуі әбден мүмкін.
Ал Павлодардағы жағдайға келсек, бұл қуанатын жағдай
емес. Керісінше, мемлекеттің (яғни, халықтың) миллиардтары мақсатсыз жұмсалғаны
өкінішті. Қара басының қамын заңнан жоғары қойған болуы мүмкін адамдар да
аяушылық тудырады. «Мүмкін» деп отырғаным — кінәсіздік презумпциясының күшін
ешкім жойған жоқ.
Соған қарамастан, Парламент тарапынан бірнеше рет
айтылған сынға қарамастан, біреулердің бүкіл елдің көз алдында бюджет қаражатын
жауапсыз қалатындай талан-таражға салуды жалғастыра беруі таңғалдырады.