22
Маусым

Азат – азамат! - Abai.kz

Үміт пен арман алға жетелейтін бұл тірлікте көңілге кейде күдік те кіреді. Айналадағы жағдайды пайымдай, парықтай келе әлдебір істің соңы қалай болар екен деген ойға амалсыз берілесің.

Жуырда Астанада айтулы спорт шолушысы, жалпы қазақтың жампоз журналисті болған Амангелді Сейітханды еске алуға арналған турнир өтетіні жарияланған. Бильярдтан. Бір айдай бұрын арнайы шақырту алғанбыз.

Шақырту қолға тиіп, арманда кеткен Амангелді ініміз туралы айтар сөзімізді көкейге жұптап жүргенімізде Қазақстанның саяси өмірінде елеулі оқиға болды. Негізі саясат басқа да, спорт басқа, екеуі тоқайласатын ортақ кеңістік жоқ сияқты көрінетін. Бұл жолы тоқайласты.

Өйткені, турнирді дәстүрлі түрде «Ақжол» демократиялық партиясы ұйымдастыратын. Бізге де шақырту сол партияның атынан келген. Бұған дейінгі төрт турнирге партияның жетекшісі, саяси кеңесінің төрағасы Азат Перуашев өзі келіп, әдемілеп ашып беретін. Турнир соңынан салтанатты рәсім жасап, жеңімпаздарды жақсылап марапаттайтын. Енді сондай турнирге бірер күн қалғанда «Ақжол» партияның жетекшісі ауысты. Соңғы съезде Азат Тұрлыбекұлы тізгінді Дания Еспаеваға тапсырады.

Әрине, саяси жетекшінің ауысып тұруы – алға қарай жылжудың алғышарты. «Бір өзім билей беремін» деген үрдістен зардап шеккен мемлекеттердің қатарындамыз. Бірақ еліміздің ішінде өз еркімен және дер кезінде тізгінді тапсыратындар аз. Азат сол аздың бірі болды.

Осы ауыс-түйістен кейін көңілге күдік кірген. Енді турнир бола ма, бола қалса Азат Перуашев келіп, басы-қасында жүре ме?!  «Мен қызметтен кеттім, енді мазаламаңдар» дей салса, оған уәж айту қиын. Түсіністікпен қараған сыңай танытар едік. Кілең «мен атайын, сен тұр» дейтін журналистер жиылатын жерде басы артық сөзден қашты, ыңғайсыз қойылатын сұрақтан сырғақтады деп ойлар едік.

Осындай саяси кезеңде турнир өтпей де қалуы мүмкін-ау дегендер шықты. Алматыдан Астанаға билет алып қойған тілші інішек тіпті, қатты алаңдады.

Жоқ, Азат Перуашев азамат екен. Турнирді уақтылы  өткізді. Өзі келіп ашып берді. Мәнді сөйледі. Амангелдінің тікелей репортаждарында айтылған қанатты сөздерді де ұмытпапты. Спорт журналисі болайын дейтін әрбір жас үшін оның мәңгілік кумир болып қаларын айтты. Жарысқа қатысушылардың баршасына табыс тіледі.

Партиядағы басшылықтың ауысуы – күйінетін де, күңіренетін де жәйт емес, кәдімгі саяси даму бағыты екеніне тоқталды. «Ақжол» партиясындағы іскерлік ахуал сақтала береді. Өзі де осы партия қатарында Қазақстанның барлық салада дамыған мемлекет болуына қолдан келгенше үлесін қосады. Уақытын, саяси күресте жинаған тәжірибесін, бірнеше жоғары оқу орындарынан алған білімін осы партияның қатарында барлық азаматтардың игілігі үшін жұмсай береді.

Еркін, салиқалы, салмақты сөзінің сонында бұл жолы қалам емес, кий ұстап келген қауымның көңілін күпті еткен сауалды қойғызбай-ақ жауабын айтты. «Журналистер арасындағы Амангелді Сейітхан атындағы бильярд турнирі ешқашан тоқтамай, жылма-жыл өткізіле береді!» деді.

Жиналған журналистер бұл мәлімдемеге риза болды. Азаттың азаматтығына да барша қалам ұстаған қауым тағы бір мәрте көз жеткізгені анық.