«Ақ жол» демократиялық партиясының Астанадағы сайлауалды штабы «Астана-Теплотранзит» АҚ еңбек ұжымымен кездесу өткізді. Іс-шараға кәсіпорынның 140-тан астам қызметкері қатысты.
«Астана-Теплотранзит» АҚ елорданың жылумен жабдықтау жүйесіндегі негізгі кәсіпорындардың бірі болып табылады және жылу энергиясын тасымалдауды қамтамасыз етеді. Кәсіпорынның тұрақты әрі үздіксіз жұмысы қаладағы тұрғын үйлерді, әлеуметтік нысандар мен кәсіпорындарды сенімді жылумен қамтамасыз етуге тікелей байланысты.
Кездесу басында сайлауалды штаб өкілдері азаматтарды 23 тамызда өтетін сайлауға қатысып, өздерінің конституциялық таңдау құқығын пайдалануға шақырды.
Спикерлер Мейрамгүл Қабдығалиева, Ержан Шағымолдин, Виктор Микрюков және Бауыржан Джангунаков қатысушыларды «Ақ жол» демократиялық партиясының сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарымен таныстырып, партияның тарихы мен елдің саяси өміріндегі қызметі туралы айтып берді.
Кездесуде «Ақ жол» депутаттарының Парламенттің алдыңғы шақырылымдарындағы жұмысының нәтижелеріне ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заңның қабылдануына бастамашылық ету, бір палаталы Парламентке көшу туралы ұсыныс, сондай-ақ шағын және орта бизнестің мүддесін жүйелі түрде қорғау атап өтілді. Партия өкілдерінің айтуынша, кәсіпкерлікті дамыту — бұл тек экономикалық өсім ғана емес, сонымен қатар жаңа жұмыс орындарын ашу, отбасылардың табысын арттыру және азаматтардың мүмкіндіктерін кеңейту.
Кездесудің жеке бөлігі «Ақ жол» партиясының әлеуметтік саладағы ұсыныстарына арналды. Партия әрбір салымшыға МӘМС жүйесінде жеке шот бекітіп, онда оның жарналары мен инвестициялық кірісін есепке алуды ұсынады. Бұл ретте медициналық көмекті төлеу туралы шешім тек салымшының келісімімен қабылдануы тиіс. «Ақ жол» демократиялық партиясының пікірінше, мұндай жүйе азаматтарға медициналық ұйым мен дәрігерді өз бетінше таңдауға мүмкіндік береді.
Спикерлер сондай-ақ жаңа халық Конституциясының ережелеріне сәйкес мемлекеттік, жекеменшік және басқа да медициналық, білім беру және әлеуметтік мекемелер үшін тең құқықтар мен бірыңғай реттеу қағидаларын қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.
Жас отбасыларды қолдау мәселесіне де ерекше тоқталды. «Ақ жол» партиясы 2013 жылдан бері ұсынып келе жатқан бастаманы — жас отбасылар үшін ипотекалық несие мөлшерлемесін субсидиялауды қолдайды: бірінші бала дүниеге келгенде — 25%, екінші балада — 50%, ал төртінші бала туған жағдайда ипотеканы толық өтеуді қарастыру ұсынылады. «Ақ жол» жаңа шақырылымдағы ҚР Құрылтайында бұл бағыттағы жұмысты жалғастыруды көздеп отыр.
Кездесу соңында штаб өкілдері әлеуметтік төлемдерге қатысты партияның ұстанымын таныстырды. «Ақ жол» партиясының пікірінше, ең төменгі зейнетақы, ең төменгі жалақы және әлеуметтік жәрдемақылар қолданыстағы АЕК көрсеткішіне емес, нақты күнкөріс деңгейі мен тұтыну себетінің құнына негізделіп есептелуі тиіс.
«Өзгерістер "Ақ жолдан" басталады!»
.jpeg)