13
Желтоқсан

Алаш күні құтты болсын, Қазақ Елі!

https://t.me/peruash/14609

Бүгін 13 желтоқсан - екінші жалпы Қазақ съезінде алты Алаштың баласы түгел бас қосып, бүгінгі тәуелсіз Қазақстан мемлекеттілігінің негізін құрған тарихи күн. Сонау 1917 жылы Орынборда ІI жалпықазақ съезі шақырылып, осы күні Алашорда - Ұлт кеңесі құрылған болатын. Бұл датаның қазақ халқы маңызын көрсету үшін, Алаш арысы Қошмұхамет Кемеңгерұлы басқарған "Жас Азамат" газетінде 1918 жылдың 26 желтоқсанында жарық көрген мына мақаладан үзінді келтіре кетейін. Бұл мақала Алаш Республикасын жариялаудың тарихи мәнін замандастары терең түсінгендігін айғақтайды.

«1917 жылғы 13-інші декабрь - Екінші жалпы қазақ съезінің Ақ орда тігіп, Алтын ту көтеріп, автономиялы жұрт боламыз деген күні. «Автономияға мал-жанды құрбан қыламыз!» деп қойған соң, күңіреніп Құран оқығанда, ақжүрек адал ниетпен ақсақалдар, жастар тілек қылғанда, қуанғаннан моллалардың көңілі босап, еңіренген күні. Мінеки, сол ұлт қанын тасытқан, үміт құрағына ат шаптыртқан тарихи 13 декабрьге - тап бір жыл.

Осы бір жылдың ішінде Алаш тізгінін қолына алған «Алашорданың» басынан кешкен ауырлықтары көп болды. Әлі де тар кешу, тайғақ жолдар болуы мүмкін. Ұлт тілегі бір күнде тездікпен һәм жеңілдікпен орындалмайды, «от алып, қамысқа түсуді» көтермейді. 13 декабрдің қазіргі алдымызға тартқан жемістері Алаш автономиясына іргетас салды. Бұл - бір. Шашыраған ұлтшылдықты бір ізге салып, бір жерге жинап, ұлт күресіне үлгі берді. Бұл - екі. Жалған ұлтшылдардың өрісін тарылтты. Бұл - үш. Осындай, өлгенді тірілткен, өшкенді жандырған, өткен дәуренді, ұшқан бақты еске түсірген 13 декабрьді өте құрметтеп өткізуге, саясат дүниесі сау қалпында емес.

Бірақ, қоюланған түн тараңқырап, кейін бұлт ажырап, нұрын төгіп, таң ататын. Ерте ме, кеш пе, 13 декабрь Алаш елінің ардақты күндерінің бірі саналар. Алаш тарихына алтын сиямен жазылар» - делінген сол мақалада.

Барша Алаш жұртын осы айтулы күнмен құттықтаймыз!

Бұл біз үшін арыстарымызды еске алып, рухына тағзым ететін қасиетті күн.

Қазақ Елінің Тәуелсіздігі баянды болсын!