29
Шілде

“Ақ жол”: Өңірлік сайлауалды штабы өкілдері «Мұнайлы орталық аудандық аурухана» ұжымымен кездесті

29 шілде 2026 жыл, «Ақ жол» демпартиясы Маңғыстау облыстық сайлауалды штабы

 

Бүгін Маңғыстау облыстық сайлауалды штабы өкілдері «Мұнайлы орталық аудандық аурухана» ұжымымен кездесті.

Кездесуге штаб өкілдері Батыржан Қорғанбаев, Жалғас Бекеев, Райымбек Түзелов, Ғазиза Тажибаева, Бақытжан Жұмағалиұлы қатысты.

Өңірлік штаб басшысы, әрі Құрылтай депутаттығына кандидат Батыржан Қорғанбаев медицина қызметкерлеріне «Ақ жол» демпартиясының Құрылтай сайлауына арналған саяси бағдарламасымен таныстырды.

- «Қазіргі қоғамдағы маңызды салалардың бірі – денсаулық сақтау жүйесі. «Ақ жол» демократиялық партиясының 2026 жылғы саяси бағдарламасында медицина саласын жетілдіруге, дәрігерлердің мәртебесін көтеруге және халыққа көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруға ерекше назар аударылған.

Бағдарламада ең алдымен денсаулық сақтау жүйесінің ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз ету қажеттігі айтылған. Осыған байланысты Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) қорының қызметі ашық болуы, оның қаражатының қалай жұмсалатыны қоғам мен Парламент алдында есеп беріп отыруы тиіс екені көрсетілген. Сондай-ақ әр азаматтың МӘМС жүйесінде жеке есепшоты болуы және төленген жарнаның өз емделуіне жұмсалуын бақылау мүмкіндігі ұсынылады. Бұл медициналық қызмет сапасын арттырып, дәрігерлердің жауапкершілігін күшейтеді.

Бағдарламада азаматтарға емхана мен дәрігерді еркін таңдау құқығын беру қарастырылған. Егер көрсетілген медициналық қызмет сапасыз болса, азаматтың ол қызмет үшін төлем жасаудан бас тартуына мүмкіндік берілуі қажет. Мұндай тәсіл медицина ұйымдары арасындағы бәсекелестікті арттырып, қызмет көрсету деңгейін жақсартуға ықпал етеді.

Сонымен қатар мемлекеттік және жекеменшік медицина ұйымдарына тең жағдай жасау қажеттігі де атап өтіледі. Денсаулық сақтау саласында меншік түріне қарамастан барлық медициналық ұйымдарға бірдей талаптар қойылып, тең құқықтар берілуі тиіс. Бұл медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған.» - деді Құрылтай депутаттығына кандидат Батыржан Қорғанбаев.

Кездесу барысында, медицина қызмеркерлеріне партияның ақпараттық үгіт-насихат материалдары мен саяси бағдарламаның толық нұсқадағы кітапшасы таратылды.

Кездесу соңында штаб өкілдері 23 тамыз Құрылтай сайлауына белсенді қатысып, “Ақ жол” партиясына дауыс беруге шақырды.