«Ақ жол» Демократиялық партиясы сайлауалды штабының мүшелері Павлодар өңіріндегі алдыңғы қатарлы отандық кәсіпорындардың бірі — «Жана Роса» зауытына барды.
Сапар барысында штаб мүшелері кәсіпорынның жұмысымен танысып, өндірістік цехтарды аралады. Азық-түлік және алкогольсіз сусындар өндірісінің барысын көзбен көріп, отандық өнімнің қалай дайындалатынына куә болды.
«Жана Роса» — қазақстандық нарықты сапалы әрі сұранысқа ие отандық өнімдермен қамтамасыз етіп отырған заманауи кәсіпорын. Кәсіпорынның тұрақты жұмысы отандық өндірісті дамыту, жаңа жұмыс орындарын сақтау және кәсіпкерлікті қолдаудың маңыздылығын көрсетеді.
Кәсіпорын ұжымымен өткен кездесуде «Ақ жол» партиясының төрайымы Дания Еспаева партияның Құрылтай сайлауына арналған бағдарламасының негізгі бағыттарын таныстырды. Кездесу барысында кәсіпкерлікті дамыту, отандық өндірушілерді қолдау, бизнестің мүддесін қорғау және экономиканың нақты секторын дамытуға бағытталған нақты ұсыныстарға ерекше тоқталды.
Қазір «Жана Роса» кәсіпорнында 200-ден астам адам еңбек етеді. Кездесу барысында ұйымшыл әрі еңбекқор ұжымның өкілдері өздерін толғандырған мәселелерін ортаға салып, партияның сайлауалды бағдарламасымен танысты.
Кездесу соңында сайлаушыларды белсенді азаматтық ұстаным танытуға, 23 тамызда Құрылтай сайлауына қатысып, өз таңдауларын жасауға және «Ақ жол» Демократиялық партиясын қолдауға шақырды.




