30
Шілде

«Ақ жол» ҚДП Dala Mall-да тұрғындармен кездесті

«Ақ жол» ҚДП Шымкент қалалық штабы «Dala Mall» сауда ойын-сауық орталығында сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді

«Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясының Шымкент қалалық сайлауалды штабы тұрғындармен, қаладағы кіші және орта бизнес өкілдерімен тікелей байланысты нығайту мақсатында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жалғастыруда. Осы мақсатта штаб мүшелері қаладағы ірі сауда ойын-сауық орталықтарының бірі – «Dala Mall» кешенінде болып, қала тұрғындары, кіші және орта бизнес өкілдері, кәсіпкерлер мен келушілер арасында сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді.

Кездесуге «Ақ жол» ҚДП төрағасының орынбасары, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің VII және VIII шақырылым депутаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қазыбек Жарылқасынұлы Иса қатысты.

Сонымен қатар іс-шараға «Ақ жол» ҚДП Шымкент қалалық филиалының төрағасы, Шымкент қалалық мәслихатының депутаты, Құрылтай депутаттығына кандидат Мұхтар Асқарұлы Шимиров, Шымкент қалалық мәслихатының депутаты, Құрылтай депутаттығына кандидат Исламбек Насруллаұлы Тулебаев, партия кеңесінің мүшелері Мұрат Махматталы мен Жамалбек Жораев қатысты.

Кездесу барысында штаб мүшелері тұрғындарға партияның алдағы бес жылға арналған сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын таныстырып, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, кәсіпкерлікті қолдау, жаңа жұмыс орындарын құру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жетілдіру, білім мен денсаулық сақтау салаларын дамытуға бағытталған бастамалар туралы жан-жақты ақпарат берді.

Іс-шара барысында азаматтардың ұсыныс-пікірлері тыңдалып, тұрғындарды толғандырған өзекті мәселелер бойынша ашық пікір алмасу өтті. Партия өкілдері халықпен тұрақты кері байланыстың маңыздылығын атап өтіп, әрбір көтерілген мәселе назардан тыс қалмайтынын жеткізді.

Кездесу соңында тұрғындар сайлауалды бағдарламамен танысып, өздерін қызықтырған сұрақтарына жауап алып, партия өкілдеріне ұсыныс-тілектерін білдірді. «Ақ жол» ҚДП Шымкент қалалық сайлауалды штабы алдағы уақытта да халық көп шоғырланатын орындарда үгіт-насихат жұмыстарын жалғастырады.