10
Наурыз

«Ақ жол» демпартиясының орталық кеңсесінде референдумды бақылау жөніндегі ЕҚЫҰ делегациясымен кездесу өтті

«Ақ жол» Демпартиясының орталық офисте, бүгінгі фракция отырысы алдында америкалық Дуглас Уэйк бастаған референдумды бақылау ЕҚЫҰ миссиясын қабылдап, сұрақтарға жауап бердік.

 

ЕҚЫҰ өкілдерін бастапқыда парламенттік реформадан басталған үдерістің неге ақырында жаңа Конституция әзірлеу қажеттілігіне алып келгені, бұл жұмысқа «Ақ жол» демпартиясының қандай үлес қосқаны, референдумға дайындық барысын қалай бағалайтынымыз, Жаңа Конституция жобасын қолдаймыз ба және оны насихаттауға қалай қатысып жатқанымыз қызықтырды.

 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси жүйедегі терең өзгерістерді қолға алуына іс жүзінде оның Президент болып сайланған алғашқы жылынан бастап есептеу керек деген пікірімді айттым. 2019 жылы ол парламенттік оппозиция туралы заң қабылдауды тапсырды. Бұл заң жобасын бұрын «Ақ жол» демпартиясы әзірлеген болатын және ол ЕҚЫҰ Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросы тарапынан оң қорытынды алған еді, бірақ бірнеше жыл бойы біз оны алға жылжыта алмадық. Тек Президенттің тікелей тапсырмасынан кейін 2020 жылы бұл заң қабылданды.

Нәтижесінде бүгін Мәжілістің басшылығында «Ақ жол» демпартиясынан вице-спикер — Дания Еспаева бар; Мәжілістің үш салалық комитетінің басшылығында да парламенттік оппозиция өкілдері жұмыс істейді. Егер бұрын біздің партия депутаттарының микрофоны Парламенттің пленарлық отырыстарында ең маңызды құжаттарды талқылау кезінде бес рет (!) өшірілген болса, қазір фракциялардың сөз сөйлеу құқығы заңмен кепілдендірілген.

2017 жылы біз Қазақстанның бір палаталы парламентке көшу қажеттігін көтеріп, билік тарапынан қарсылық пен сынға ұшырадық. Ал бүгінде бұл тәсіл Жаңа Конституция аясында іске асырылып жатыр.

2018 жылы біз билік партиясының монополиясын бұзу қажеттігін айтып, әкімдерге партия филиалдарын басқаруға тыйым салуды ұсындық. Бұл ұсыныс та бастапқыда қатты қарсылыққа ұшырады, алайда 2022 жылғы конституциялық реформа аясында мұндай норма енгізілді.

Сайлаудың пропорционалды жүйеге көшу қажеттігі туралы уәждерімді түсіндіре отырып, Еуропа Кеңесі жанындағы Венеция комиссиясы әзірлеген «Демократиялық парламенттегі оппозицияның рөлі туралы» баяндамасына сүйендім. ЕҚЫҰ-дан келген қонақтар бұл баяндаманың қорытындылары мен ұсыныстарымен етене таныс екен.

Сондай-ақ, парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының жұмысы қалай атқарылғанын (оған «Ақ жол» демпартиясы 50-ден астам түзету енгізген, олардың көпшілігі парламенттік функциялар шеңберінен тысқары еді), Конституциялық комиссия отырыстары қалай өткенін және онда қандай пікірталастар болғаны жөнінде айтып бердім.

Өңірлердегі кездесулерге, азаматтардың жиі қойған сұрақтарына да жіті тоқталып, оппоненттердің уәждеріне жауап бердім.

Жақында Президент Әкімшілігінің басшысы Айбек Дәдебай Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өте тығыз жұмыс кестесіне қарамастан жаңа Конституцияны әзірлеу ісіне үнемі көңіл бөліп отырғанын және көптеген тұжырымдарды өзі ұсынғанын мәлімдеген еді. Іс жүзінде, Президент Тоқаев Жаңа Конституцияның негізгі авторы болып табылады.

 

Өңірлердегі кездесулер барысында Қ.Тоқаевтың Жаңа Конституцияның тікелей авторы екені туралы факт күмәнданған адамдардың өзін де осы жобаны қолдауға иландыратынын атап өттім, себебі қоғамда мемлекет басшысына деген сенім деңгейі жоғары.

Сондай-ақ қонақтардың Коалиция штабының жұмысына қатысты, тек орталық деңгейде ғана емес, жергілікті штабтар деңгейіндегі өзара іс-қимылы жөніндегі басқа да сұрақтарына жауап бердім.

«Ақ жол» демпартиясының Ұлттық кеңесі де, партияның өңірлік филиалдарының активі де, мәслихат депутаттарымыз да Халықтық коалицияның бірыңғай кестесі аясында Жаңа Конституцияны түсіндіру және оны қолдау бағытындағы үгіт-насихат жұмыстарына белсенді қатысуда.

ЕҚЫҰ қонақтары біздің фракция отырысына да қатысты. Бұл отырысқа дәстүр бойынша бейнеконференция режимінде партияның барлық филиалдары мен «Ақ жол» демпартиясының барлық деңгейдегі мәслихаттардағы депутаттары қосылады. Отырыста Мәжілістің кезекті отырысына дайындық, партияның ағымдағы мәселелері, сондай-ақ Жаңа Конституцияны қолдайтын Коалиция құрамындағы үгіт-насихат жұмыстарын үйлестіру талқыланды.