03
Шілде

«Ақ жол» Демпартиясы Қостанай облыстық филиалы есепті кезеңнің қорытындысын шығарды

Бүгін «Ақ жол»  ҚДП Қостанай облыстық филиалының төрағасы Жутаев Махаббат Сағынбайұлының төрағалығымен партияның облыстық филиалының конференциясы өтті.

Конференция жұмысына барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары, партияның 25 мүшесі және партияның белсенді өкілдері қатысты.

Жиынды ашқан Жутаев Махаббат Сағынбайұлы қатысушыларды Қазақстан Республикасы жаңа Конституциясының күшіне енуімен құттықтады. Іс-шара барысында Конституцияның негізгі ережелері, азаматтардың құқықтарын қорғаудағы, мемлекеттік институттарды нығайтудағы және елдің одан әрі дамуын қамтамасыз етудегі маңызы жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Конференцияның негізгі тақырыбы Қостанай облыстық филиалының есепті кезеңдегі қызметінің қорытындыларын шығару болды. Филиал жұмысының негізгі нәтижелері бойынша: партия мүшелерінің саны 7 928 адамға жетті, яғни партия қатары 124 жаңа мүшемен толықты, бүгінде өңірде партияның мүддесін барлық деңгейдегі мәслихаттардың 27 депутаты білдіруде.

Сондай-ақ депутаттық корпустың жұмысына ерекше назар аударылды. Есепті кезеңде депутаттар мен партия өкілдері автомобиль жолдарын жөндеу, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, сумен қамтамасыз ету, ауылдық елді мекендерді дамыту, шағын және орта бизнесті қолдау, әлеуметтік инфрақұрылымды жетілдіру және азаматтардың заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау мәселелері бойынша мемлекеттік органдарға 237 депутаттық сауал мен өтініш жолдады.

Конференция барысында облыстық филиалдың әлеуметтік бастамаларын іске асыру нәтижелері де атап өтілді. Партияның қоғамдық қабылдауы тұрақты жұмысын жалғастырып, кәсіпкерлер қауымдастығына қолдау көрсетілді, Жұмысшы мамандықтар жылы аясында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылды. Сонымен қатар жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды қолдау бағытында «Жанұя» орталығымен өзара ынтымақтастық жолға қойылды. Өңірдің қоғамдық дамуына елеулі үлес қосқан, жоғары кәсібилік пен азаматтық жауапкершілік танытқан тұрғындар арнайы марапатталды.

Жиын қорытындысында қатысушылар «Ақ жол» ҚДП Қостанай облыстық филиалы алдағы уақытта да азаматтардың мүддесін қорғау және қоғамдық маңызы бар бастамаларды іске асыру бағытындағы жұмыстарын жалғастыратынын атап өтті.