13
Мамыр

«Ақ жол» демократиялық партиясының өкілдері жоғары технологиялық QR Systems кәсіпорнына барды

https://t.me/peruash/15962

QR Systems акционерлерінің шақыруымен Мәжіліс депутаты Олжас Нұралдиновпен бірге жұмыс аптасын автоматты өрт дабылы жүйелерін, бейнебақылау және домофон жабдықтарын әзірлеу әрі өндіру саласында жұмыс істейтін осы кәсіпорынға барудан бастадық.

Өндірістің ерекшелігі – жоғары дәлдіктегі технологияларды қолдануында. Атап айтқанда, бір ғана платада 40-тан 150-ге дейін элемент орналастырылатын  микросхемаларды құрастыру кезінде микрочиптер мен нанометриялық технологиялар пайдаланылады.

Кәсіпорын басшылығы – директор Нұрлан Сейдахметов, өндіріс жөніндегі директор Александр Орищенко, конструкторлық бюро жетекшісі Қуат Абдрахманов және ғылыми-техникалық бөлім басшысы Ерғанат Темірханов бізді өндіріс үдерісімен, заманауи жабдықтардың жұмысымен және өнім сапасын цифрлық бақылау жүйесімен таныстырды.

Белгілі болғандай, кәсіпорын ауқымды ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, өндірістік желіні кеңейтуге арналған перспективалы жобаларды әзірлеуде. Әсіресе, компания енгізуге дайындаған ғимараттардың қауіпсіздігін бақылау жүйелері, шахталардағы жерасты жұмыстарына арналған газ, сейсмикалық және өрт қауіпсіздігін қадағалайтын әмбебап мониторинг жүйелері (өнеркәсіптік сынақтар өткізілген, тапсырыс болған жағдайда компания сериялық өндіріске дайын), теміржол жылжымалы құрам бөлшектерінің тозуын бақылау жүйелері және басқа да жобалар жөніндегі әңгіме қызықты болды. Аталған әзірлемелердің барлығы авторизацияланған, әрі енгізілуге дайын.

Жалпы, ЖШС-ның қазіргі таңда да өндірістік жүктемесі жақсы. Кәсіпорын екі ауысыммен жұмыс істеп, тәулігіне шамамен 4 мың дана автоматтандырылған өрт қауіпсіздігі жүйесін шығарады. Кәсіпорында жалақы деңгейі жоғары: операторлар айына 1–1,5 млн теңге табыс табады. Қолданыстағы кірістер кәсіпорынға өз ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарын қаржыландыруға мүмкіндік береді. Сондықтан басшылық алға қарап, жаңа өнімдерді белсенді әзірлеуде, әрі өндірісті кеңейтуге қажетті инфрақұрылымдары да дайын.

Сұхбаттасушылар нарықтағы бәсекелестік мәселесіне де ерекше назар аударды. Кәсіпорын өкілдері отандық бизнестің ірі шетелдік ойыншылар тарапынан ығыстырылу мәселесін көтерді. Олардың пікірінше, корпоративтік сатып алулардың қазіргі тәжірибесі қазақстандық технологиялық компаниялардың даму мүмкіндіктеріне шектеу қойып отыр. Сонымен қатар, ірі жер қойнауын пайдаланушылардың, құрылыс корпорациялары мен тасымалдаушылардың шетелдік IT-шешімдер мен қауіпсіздік жүйелеріне тәуелділігі көрші елдер арасындағы санкциялық текетірес жағдайында Қазақстан үшін елеулі қауіп тудырады. Себебі мұндай инновациялық өнімдер мен әзірлемелер (техникалық құжаттамасы) стратегиялық маңызды санатқа жатқызылып, түрлі шектеулерге ұшырауы мүмкін.

Осыған байланысты QR Systems компаниясының конструкторлық бөлімшесі IT-жүйелер мен автоматтандырылған басқару кешендері саласында жұмыс істейтін заңды тұлғалардың бірлестігін құру бағытында жұмыс жүргізуде. Бұл құрылым отандық әзірлеушілер мен өндірушілерді біріктіріп, саланың мүддесін қорғауға, өндірісті локализациялауға және әділ бәсекелестік ортаны қалыптастыруға мүмкіндік береді. Қауымдастық құрамына шамамен 15 кәсіпорын кіріп, болашақта солар ғылыми-конструкторлық әлеуетті біріктіріп, жаңа бағыттарды игеруге жол ашады деп күтілуде. Осыған байланысты компания басшылығы «Ақ жол» демпартиясына отандық цифрлық басқару жүйелерін әзірлеушілер мен өндірушілерді қолдау жөнінде өтініш білдірді.

Сұхбаттасушыларымыз бен олардың әріптестеріне жан-жақты қолдау көрсетуге келістік. Көтерілген мәселелер бойынша кеңейтілген ұсыныстар дайындауды сұрап, «Ақ жол» демпартиясы олардың уәкілетті мемлекеттік органдармен жан-жақты талқылануын ұйымдастыруға дайын екенін жеткіздім.