2026 жылғы 27 шілдеде Ақмола облысына жұмыс сапары аясында «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Дания Еспаева бастаған партия өкілдері Көкшетау қаласындағы «NOVOPACK» ЖШС еңбек ұжымымен кездесті.
Кездесуге «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Дания Еспаева, партия төрағасының кеңесшісі Азат Перуашев, Ұлттық құрылтай мүшелігіне кандидат Ерлік Өмірғали, «Ақ жол» партиясы Ақмола облыстық филиалының төрағасы Саят Сыздықов және Ақмола облыстық сайлауалды штабының кураторы Меруерт Қазбекова қатысты.
Кездесу алдында кәсіпорын басшылығы «NOVOPACK» ЖШС-нің қызметімен таныстырды. Кәсіпорын өндірістік және тұтыну мақсатындағы тауарларға арналған заманауи қаптама өнімдерін шығаратын, Орталық Азия мен ТМД кеңістігіндегі жетекші кәсіпорындардың бірі болып табылады. Компания ішкі және сыртқы нарықта табысты жұмыс істеп келеді.
Кәсіпорын басшылығы отандық өндірушілерді қолдау, қайта өңдеу кәсіпорындарын химия өнеркәсібі өнімдерімен қамтамасыз ету, ішкі нарықты қорғаудың тарифтік емес тетіктерін жетілдіру және өндірісті дамыту жөніндегі ұсыныстарын жеткізді.
Кездесудің негізгі спикері болған Дания Еспаева өз сөзінің басында еңбек жолы туралы айтып, Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат болған жалғыз әйел кандидат екенін және Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары қызметін атқарғанын атап өтті.
Жұмысшылардың өтініші бойынша Дания Мәдиқызы халықтың қаржылық сауаттылығы мәселелеріне ерекше тоқталды. Ол азаматтардың несие және қарыз жүктемесін азайту, төлем қабілеттілігін қалпына келтіру, жеке тұлғалардың банкроттығы рәсімі, коллекторлық ұйымдардың заңсыз әрекеттерінен қорғану жолдары және қаржылық алаяқтықтың кең таралған түрлері жөнінде жан-жақты түсіндірме берді.
Сонымен қатар Дания Еспаева Парламенттегі қызметі мен «Ақ жол» демократиялық партиясының азаматтардың құқықтарын қорғауға, шағын және орта бизнесті қолдауға, отандық кәсіпкерлікті дамытуға және қаржы заңнамасын жетілдіруге бағытталған заңнамалық бастамалары туралы баяндады.
Кездесуге 200-ге жуық кәсіпорын қызметкері қатысты. Еңбек ұжымы көтерілген мәселелерге үлкен қызығушылық танытып, ашық пікір алмасуға белсенді қатысты.
Кездесу соңында қатысушылар Дания Еспаева мен «Ақ жол» демократиялық партиясына қарапайым азаматтар мен отандық кәсіпкерлердің мүддесін қорғау жолындағы жүйелі еңбегі үшін алғыс айтып, партияға Ұлттық құрылтай депутаттарын сайлауда табыс тіледі.

.jpeg)
.jpeg)
.jpeg)

.jpeg)
.jpeg)
.jpeg)
