23
Шілде

«Ақ жол» демократиялық партиясы сайлауалды үгіт-насихат науқанына ресми түрде старт берді

2026 жылғы 23 шілде, «Ақ жол» Демократиялық партиясының баспасөз қызметі

Бүгін «Ақ жол» демократиялық партиясы сайлауалды үгіт-насихат науқанын ресми түрде бастады. Алматының Іле Алатауы бөктерінде өткен салтанатты іс-шараға ұйым төрағасы Дания Еспаева, Құрылтай депутаттығына кандидаттар, сондай-ақ жастар қанатының өкілдері мен белсенділері қатысты.

Жиынның басты ерекшелігі – еліміздің барлық өңіріндегі филиалдармен тікелей байланыс орнатқан телекөпір болды. Партия жетекшісі арнайы батырманы басып, республика көлеміндегі саяси науқанға жолдама берді. 

«Бұл сайлау — жалпыхалықтық референдумда қабылданған жаңа Конституция негізінде өтіп жатқан аса маңызды саяси оқиға. Жиырма бес жылдық тарихы бар "Ақ жол" партиясы Құрылтай сайлауына нақты өзгерістер әкелу мақсатында қатысады. Біз егемендік пен ұлттық мүддені қорғауды, жемқорлықпен күресіп, заңсыз шығарылған капиталды елге қайтаруды, шағын және орта бизнесті дамытуды, сондай-ақ табиғи байлықты халық игілігіне жаратуды көздейміз. Бағдарламада жас буынды және жас отбасыларды қолдауға ерекше назар аударылған. Біз қолжетімді әлеуметтік баспана құрылысын ұлғайтуды әрі азаматтарды жалғыз баспанасынан айыруға заңнамалық деңгейде толық тыйым салуды талап етеміз! Басты мақсат — әділ сайлау және әрбір қазақстандыққа оң өзгерістерді сезіндіретін кәсіби жұмыс», — деді Д. Еспаева.

Басқосу барысында жастар қанатының көшбасшылары мен үміткерлер де мінберге көтеріліп, сайлауалды бағдарламаның негізгі бағыттарын таныстырды.

Ресми бөлім аяқталғаннан кейін кандидаттар мен белсенділер шаһар орталығына (Бөгенбай батыр және Панфилов көшелерінің қиылысы) барып, алғашқы үгіт-насихат акциясын өткізді. Олар қала тұрғындарымен еркін форматта жүздесіп, ақпараттық материалдар таратты.