01
Маусым

«Ақ жол» демократиялық партиясы «Алашқа тағзым» атты гүл қою рәсімін өткізді - mezgil.kz

https://mezgil.kz/e/action/ShowInfo.php?classid=34&id=8274

Бүгін «Ақ жол» демократиялық партиясы Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай дәстүрлі «Алашқа тағзым» гүл шоқтарын қою рәсімін өткізді.

Іс-шараға «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Олжас Нұралдинов, «Ақ жол» фракциясының аппарат жетекшісі Берік Дүйсембинов, партия аппаратының жетекшісі Асылхан Қожахметов, партияның Бақылау-ревизиялық комиссиясының төрағасы Болат Өтепбаев, Астана қаласы мәслихатының депутаттары Мейрамгүл Қабдығалиева мен Нұржан Садырбаев, жергілікті мәслихаттардағы партия атынан сайланған депутаттар және партия белсенділері қатысты.

«Ақ жол» партиясының өкілдері алдымен «Ашаршылық құрбандары» ескерткішіне барып, халқымыздың басынан өткен нәубет жылдарының құрбандарының рухына тағзым етті.

 

Одан кейін қатысушылар «АЛЖИР» саяси қуғын-сүргін құрбандары музей-мемориалдық кешеніне барып, тоталитарлық жүйенің жазықсыз құрбандарының рухына құрмет көрсетіп, гүл шоқтарын қойды. Шара барысында ел тарихындағы зұлмат жылдарда қаза тапқан азаматтарды еске алып, олардың рухына құран бағышталды.

 

Сондай-ақ, «Алашқа тағзым» гүл шоқтарын қою рәсімі Солтүстік Қазақстан, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе және Түркістан облыстарында, сондай-ақ Шымкент, Орал, Қостанай, Қызылорда және Қарағанды қалаларында ұйымдастырылып, партия өкілдері саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарының рухына тағзым етті.

«Ақ жол» демократиялық партиясы тарихи жадымызды сақтау, жазықсыз құрбандардың есімін ұлықтау және өткеннен тағылым алу – болашақ ұрпақ алдындағы маңызды міндет екенін атап өтеді.