02
Мамыр

02.05.2024

Тауарларды міндетті таңбалаудан бас тарту қажет

Қазақстан Республикасының

Премьер-Министрі

О. Бектеновке

Мемлекет басшысы 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында «Үкімет Салық кодексінде көзделмеген барлық төлемдерге тыйым салуы керек. Бұл шын мәнінде қосымша салық» деп мәлімдеген еді.

Бұл ретте тауар өндіру және сатумен айналысатын отандық кәсіпкерлер міндетті таңбалауға қатысты «Ақжол» демпартиясына әлі де жүгініп жатыр.

Еске салайық, «Ақ жол» фракциясы мұндай таңбалауды енгізуге 2014 жылдан бері қарсы шығып, бірнеше рет депутаттық сауал жолдап, үкіметке көршілеріміздің бұл жобасына вето салуды ұсынған болатын. 2018 жылы халық тұтынатын тауарларды таңбалауды енгізу туралы ЕАЭО келісімін ратификациялауды жалғыз «Ақ жол» фракциясы қолдамаған еді.

Біріншіден, таңбалау шағын және орта бизнеске қосымша қаржылық жүктемені тудырып, оларды тиісті жабдықты сатып алуға, қосымша есептілікті жүргізуге, қосымша қызметкерлерді жалдауға және т.б. мәжбүрлейді.

Екіншіден, таңбалау міндетті төлемдерді қарастырады.

Ал, шын мәнінде, салықтың тағы бір түрі, оны болдырмауды жоғарыда аталған Жолдауында президент Қ. Тоқаев талап еткен болатын.

Және бұл жасырын салық мемлекеттік бюджетке емес, «Қазақтелеком» АҚ еншілес кәсіпорны түріндегі жеке коммерциялық компанияның пайдасына бағытталып отыр.  Яғни, бүкіл халық жеке ЖШС-ға төлем төлеген екінші «РОП» туралы айтып отырмыз.

Сонымен қатар, «рәсімдерді жеңілдету үшін» деген желеумен кәсіпкерлерге міндетті алымдарды төлей отырып, сол ЖШС-нің белгілі бір «қауымдастығына» қосылуға мәжбүрлеуде.

Үшіншіден, бағдарлама әзірлеушісі шетелдік тарап болғанына қарамастан, өндірістен нақты азаматтарға сатуға дейінгі дейінгі барлық тізбек бойынша тауарлардың қозғалысы туралы ақпараттың бірыңғай ұстаушысы пайда болды.

Жеке және шетелдік тұлғаларға ұлттық экономикалық қауіпсіздік мүддесін қозғайтын ақпараттың соншалықты үлкен көлемі не үшін керек?

Төртіншіден, таңбалаудың мақсаты контрафакттан қорғау. Бірақ сонымен бірге үкімет оны бизнестің ең көлеңкелі түріне – яғни күшті алкогольді өндіру мен айналымына енгізгісі келмейді. Бұл саланы әрдайым ескі Қазақстанның лауазымды тұлғалары "қорғап" келгендіктен шығар.

Оның орнына таңбалау ең алдымен қарапайым халықтың керекті – аяқ киім, дәрі-дәрмек, т.б. үшін енгізілді.

Бұл бірден шағын және орта бизнес шығынына ғана емес, сонымен қатар тауарлардың қымбаттауына әкеп соқты. Мәселен, сүт өнімдеріне жасалған пилоттық жоба көрсеткендей, онда баға 39 пайызға өскен, сондықтан шенеуніктер сүтті таңбалаудан бас тартуға мәжбүр болды.

Бірақ аяқ киім дүкендерінің мәліметі бойынша арзан аяқ киім бағасының өсуі шамамен 25 пайызды құраған аяқ киімдер үшін таңбалауды сонда да енгізіп отыр.

1 шілдеден бастап дәрілік заттарды міндетті түрде таңбалау енгізіледі. Онда да дәріханалар бұрын қолжетімді дәрілер бағасының 30 пайызға қымбаттауын күтуде.

Үкімет басқа да халық тұтынатын тауарларға таңбалауды енгізуді жоспарлап отыр.

Бұл жағдайда біраз шағын кәсіпорындар банкротқа ұшырап, жабылады.  Нарықты үлкен желілер басып жатыр. Олар негізінен қазақстандық емес, ресейлік желілер.

Ал отандық шағын бизнес өркениетті нарықтан ығыстырылып, базарлық әдістерге көшеді. Тиісінше, біз жоюдың орнына, керісінше, көлеңкелі нарықты ұлғайтып, ең қажетті тауарлардың қолжетімдігін төмендетеміз.

Жоғарыда айтылғандарды негізге ала отырып, «Ақ жол» депутаттық фракциясы тағы да Үкіметті ресейлік құралдың жөнсіздігін қайта қарауға шақырады.

Бүкіл әлемде тауарларды штрих-кодтармен таңбалауды қолданады. Біз мұны жеткілікті деп санаймыз, жаңадан «велосипед» ойлап табудың орнына, тауарларды қадағалаудың өркениетті әдісне оралуды ұсынамыз.

Қалай болғанда да, бұл функцияны жеке емес, мемлекеттік органдарға өткізу керек.

Құрметпен,

«Ақ жол» ҚДП фракциясының депутаттары

А.Садықов

А.Перуашев

Д.Еспаева

Қ.Иса

Е.Барлыбаев

Е.Бейсенбаев