09
Наурыз

«Ақ жол» демпартиясының орталық кеңсесінде БҚДА басшылығы мен бизнес өкілдерінің қатысуымен бәсекелестік туралы заң жобасының даулы нормалары талқыланды

https://t.me/peruash/15455

Демалыс күні болғанына қарамастан, бүгін «Ақ жол» Демократиялық партиясының орталық кеңсесінде жақын арада бірінші оқылымға шығатын бәсекелестік туралы заң жобасының даулы мәселелері бойынша екі сағаттық талқылау өткіздік.

Бұл заңдағы бірқатар мемлекеттік органдардың ұсыныстары бизнес-қауымдастық тарапынан қатаң сынға ұшырауда. «Ақ жол» фракциясының депутаттары жұмыс топтарында осы ұсыныстарға қарсы шыққандықтан, бүгінгі талқылауды өткізу келісілді. Оған заң жобасын әзірлеуші тараптан Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Рустам Ахметов және оның әріптестері, сондай-ақ бизнес өкілдері қатысты.

Атап айтқанда, мемлекеттік органдар ұсынған динамикалық баға белгілеуді мемлекет тарапынан реттеу мәселесін талқылауға тырыстық. Еске сала кетейін, заң бойынша бағаны реттеуге тыйым салынған, бұл – нарық пен бәсекелестіктің саласы. Алайда, заң жобасын әзірлеушілер монополияны шектеу сылтауымен осы салаға араласуға тырысуда.

Бұл мәселе такси агрегаторлары үшін аса өзекті. Р. Ахметов мырза қызметке сұраныс  шарықтайтын кездерде (ауа райының бұзылуы және т.б.) мұндай қызметті реттеу қажеттігін түсіндірді.

«Яндекс» компаниясының өкілдері Сұлтан Бижанов пен Александр Чаплин, «Апару» такси агрегаторының өкілдері Ерлан Шаяхметов пен Максим Дементьев, «SCAT» әуе компаниясының өкілі Николай Буряков, Онлайн-жарнама қауымдастығының өкілі Денис Степанцев өз қарсылықтарын білдіріп, дәлелдерін келтірді. Сонымен қатар, олар сұраныс шарықтаған кезеңдерде бағаны анықтау үшін цифрлық құралдарды қолдану қызмет көрсетуге тәуелсіз қатысушылардың санын арттыруға мүмкіндік беретінін, сол арқылы тұтынушылар сұранысын қанағаттандырып, бағаны төмендететінін атап өтті.

Динамикалық баға белгілеу мәселесіне қатысты тағы бір жайт: осы мәселені талқылау барысында онлайн-жарнама өкілдері өздерінің саласында сұраныстың шарықтауы емес, іс жүзінде аукцион туралы сөз болып отырғанына назар аударды. Яғни онлайн-жарнаманы орналастыруда басымдық жарнамасын орналастыру үшін жоғары баға ұсынған жарнама берушілерге беріледі.

Біріншіден, осы тұрғыдан алғанда мұндай тәсілді динамикалық баға белгілеу деп атау қиын.

Екіншіден, ол нарықтық экономиканың негізгі қағидаттарына толық сәйкес келеді, яғни аукцион қағидаты бойынша жоғары баға төлеген серіктес (контрагент) басымдыққа ие болады.

Сонымен қатар, Парламент жанындағы Қоғамдық кеңестің мүшесі Наталья Малярчук динамикалық баға белгілеуді реттеу туралы БҚДА ұсынысы туындататын төрт жүйелі проблеманы атап өтті.

Біріншіден, тұтынушы мен жеткізуші арасындағы келісімшарттық қатынастарға араласу орын алады, бұл заңға және нарық қағидаттарына қайшы.

Екіншіден, бұл кәсіпкерлік еркіндік құқығын бұзады.

Үшіншіден, мұндай тәсіл бизнес-модельдерге араласуға жол ашып, әртүрлі басқару мен нарық қатысушыларына бәсекелік артықшылық беретін бизнесті жүргізу мен басқарудың түрлі модельдерін дамытудың орнына оларды біріздендіруге тырысады. 

Осылайша бірқатар негіздер бойынша бұл ұсыныс кәсіпкерлік пен нарықтық экономиканың негізгі қағидаттарына қайшы келеді.

Әзірлеушілер мен кейбір мемлекеттік органдардың цифрлық алгоритмдерді, қолданылатын технологиялар туралы деректерді реттеу және ашу, тіпті оларды бірыңғай параметрлер мен талаптарға келтіру жөніндегі ұсыныстары іс жүзінде бәсекелестікті жояды, осы салада баламалы технологиялық шешімдердің дамуына тосқауыл қойып, керісінше, мұндай қызметтердің тапшылығына және олардың бағасының өсуіне әкелуі мүмкін.

Сонымен қатар заң нормаларына сәйкес, егер әзірлеуші қандай да бір заң нормасын іске асыру үшін қосымша нормативтік актілер қабылдау қажеттігін алға тартса, ол Парламентке сол қосымша актінің — бұйрықтың немесе ережелердің жобасын ұсынуға міндетті. Алайда БҚДА бизнеске реттеуші ережелерде «бәрі дұрыс болады» деп түсіндіргенімен, мұндай ережелердің жобасын ұсынған жоқ.

Осыған байланысты талқылауға қатысқан бизнес өкілдері мен «Ақ жол» Демократиялық партиясы фракциясының депутаттары Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне авиация саласындағы бәсекелестікті жоймайтын әрі бизнестің бәсекеге қабілеттілігі мен компаниялардың технологиялық дамуына кедергі келтірмейтін динамикалық баға белгілеуді реттеу ережелерінің жобасын таныстыруды ұсынды.

Сондай-ақ БҚДА-ның іс жүзінде монополиялық жағдай қалыптастыратын, әуежайлар үшін жанармайды тек бір жеткізуші — «ҚМГ Аэро» еншілес құрылымы арқылы ғана сатып алу туралы ұсынысы талқыланды.

Алматы әуежайының мысалында жанармай  бағасын бір тоннасына 1100 доллардан 900 долларға дейін төмендетуге мүмкіндік болғаны рас. Алайда бұл табыстылықты төмендетуі себепті әуежайдың басқа қызметтері бойынша тарифтердің өсуіне алып келді. Жанармай бағасы негізінен халықаралық әуе жүк тасымалдаушыларына әсер етсе, әуежай тарифтерінің өсуі қазақстандық жолаушылардың, әсіресе ішкі рейстердегі жолаушылардың мойнына түседі.

Сонымен қатар әзірлеуші талап етіп отырған ұжымдық талап-арыздар мәселесі де талқыланды.

Мұндай талап-арыздар аясында бастамашылар — тұтынушылар мүддесінің өкілдері деп аталатын тұлғалар — бизнеске қарсы шектеусіз көлемдегі тұлғалардың мүддесі үшін талап-арыз беріп, оларға келтірілген залалды өтеуді талап ете алады. Оның үстіне, бұл тұлғалардың өздері «залал шектік» деп арызданбаған болуы керек. Бұл шамадан тыс жоғары сомаларды өндіріп алуға әкелуі ықтимал, ал негізгі пайда алушы мұндай талап-арыздарды бастаған тұлғаның өзі болады. Яғни іс жүзінде мұндай талап-арыздарды бастамашылардың жеке мүдделілігіне жағдай жасалады, ал олардың «гонорарын» есептеу әдістемесі мүлдем реттелмеген. Есесіне «қоғамдық мүдделер» арқылы алып-сатарлық жасауға және кәсіпкерлерді бопсалауға мүмкіндік туады.

Сонымен қатар залалды растау қағидатының болмауы бизнес қызметінен тікелей зардап шекпеген тұлғалардың да өтемақы талап етуіне жағдай жасайды.

Бизнес өкілдері қазіргі кезде де белгілі бір топтың мүддесі үшін талап-арыз беру тәжірибесі бар екенін атап өтті. Яғни нақты зиян шеккен азаматтар бірігіп, талап-арызды жеке де, ұжымдық түрде де бере алады.

Ал шектеусіз көлемдегі тұлғалардың мүддесі үшін талап-арыз енгізу мүдделі тұлғалардың тарапынан асыра пайдалануға мүмкіндік береді. Біріншіден, мұндай талап-арыздарды ұйымдастырушылар тарапынан. Екіншіден, нақты зардап шеккен азаматтардың өтемақы алу шеңберінен тыс қалып қою қаупі туындайды.

Сонымен қатар кәсіпкерлерге екі рет жаза қолдану тәуекелі пайда болады. Бір жағдайда монополиялық табысты алып қою және айыппұл санкциялары туралы сөз болса, енді оған қосымша азаматтарға залалды өтеу механизмін енгізу ұсынылып отыр.

Негізінде залалды өтеу механизмі қазірдің өзінде бар, бірақ ол сотта зардап шеккендер тарапынан дәлелденген жағдайда ғана қолданылады.

Сонымен бірге АЗРК ұжымдық талап-арыз институтын енгізу қажеттігін монополистерді тұтынушыларға келтірген залал үшін жауапқа тартқан кезде барлық төлемдердің бюджетке түсетіндігімен, ал зардап шеккен азаматтарға берілмейтіндігімен түсіндіреді. Ұжымдық талап-арыз институтын енгізудің негізгі мотивациясы осы.

Алайда бұл толық шындыққа сәйкес келмейді. Мемлекеттік органдар монополистерді заңсыз алынған табыстарды тұтынушыларға қайтаруға міндеттеген жағдайлар бұрын да болған. Мысалы, жылу тұтынушыларына монополиялық табыс заңсыз алынғаны анықталған кезде қайта есептеу жүргізілген. Сондай-ақ монополистерді болашақ есеп айырысуларда заңсыз алынған табыстарды ескеруге міндеттеген жағдайлар да болған.

Сондықтан іс жүзінде бұл мәселе жаңа емес және қолданыстағы заңнама шеңберінде шешіле алады.

Осы және басқа да мәселелер бойынша өте қызу талқылау өтті. Өкінішке қарай, ортақ түсіністікке қол жеткізу мүмкін болмады. Алайда тараптардың ұстанымдары айқындалып, қажетті дәлелдермен толықтырылды және бизнес те, мемлекеттік органдар да бір-бірін ести алды деп үміттенеміз.

Тиімді шешімдерді әзірлеу мақсатында талқылауды жалғастыруға келістік.